07 жел, 2017 сағат 13:25

ОҚО-да «Құқық қорғау қызметтері орталығы» ашылды

Бүгін Шымкентте «Құқық қорғау қызметтері» орталығы ашылды. Оның ашылу салтанатына Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және өзге де құқық қорғау органдарының басшылары қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталықта 11 мекеменің мамандары азаматтарға ақысыз түрде 22 кәсіби құқықтық көмек көрсетеді. Тұрғындар тәжірибелі прокурорлар мен адвокаттардың, медиаторлар мен нотариустардың, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары мен әкімдік, пробация қызметкерлерінің көмегіне жүгіне алады. Азаматтарға ашық және жариялы түрде көмек көрсететін әрі оларды әуре-сарсаңға салмай, құқығын жедел түрде қорғау мақсатында ашылған орталық халықтың мемлекеттік және құқықтық органдарға деген сенімін арттырады.

Салтанатты жиында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, мұндай орталықтар азаматтардың арыз-шағымдарының азаюына, мәселесін дер кезінде шешулеріне оңтайлы септігін тигізеді.

«Бұған дейін азаматтар арызданып барғанда басшы қабылдайды да, бір айдан кейін «сіздің жауабыңыз қанағаттандырылусыз қалды» деп жауап беретін. Не кедергі екенін айтпайды, шешу жолдарын түсіндірмейді. Одан кейін түсінбеушілік туындайды да, ол азамат тағы бірнеше жерге арызданады. Қазір біз Елбасының тапсырмасына сәйкес, әрбір адамға қарапайым тілмен жауап беруге тырысып жатырмыз. Енді прокурорлар халыққа мейлінше жақын болып, проблемасын түсініп, шешуге атсалысуда. Енді осындай орталықтар арқылы халық прокуратураның ашық әрі қолжетімді екенін, мұқият тыңдап, шешуге көмектесіп жатқанын көрді. Қайталанып жазылатын арыздардың саны үш есеге азайды. Яғни, азаматтар осы ашылған орталыққа келу арқылы өз шешіміне жауабын табу керек», - деді Марат Ахметжанов.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратынан ашылған орталық  заман талабына сай инженерлік-техникалық қоңдырғылармен, электронды кезек жүйесімен, «ConnectionPoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторымен, күту залымен және т.б. қажетті инфрақұрылымдармен жабдықталған. «Бір терезе» қағидатына негізделген орталықта кез келген келушілер өзін толғандырған мәселе бойынша операторлардан кеңес алып, сұрақтың мазмұнына қарай тиісті мамандарға жолданады. Прокурорлардың айтуынша,  мұнда барлық арыздар міндетті түрде қабылданады. Әрі оларды түпкілікті шешуге құқық қорғау, құзырлы органдар күш салмақ. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерге тосқауыл болмақ.

Бұдан бөлек прокурорлар  қадағалаушы органға арызданудың тиімді жолы ретінде жаңадан жасалған мобильді қосымшаларды таныстырды. Бұл бойынша кез келген азамат ұялы телефон арқылы прокурорға кіруге кезекке тұрып, электронды түрде арыздарын жолдай алады.