Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет «Достық көкпары» ұйымдастырылды. Түрлі ұлт өкілдері жастарының басын қосқан ұлттық ойынның өтуіне облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімдігіне қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі мұрындық болды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мақтаарал ауданында өткен ұлттық ойынға елуден астам шабандоз қатысты. Ұлттық құндылықтарды насихаттау әрі жастар арасында достықты нығайту мақсатында өткен шараның ашылу салтанатында Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов пен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшылары сөз сөйлеп, шабандоздарға сәттілік тіледі.
«Оңтүстіктің жастары арасында бұрын-соңды мұндай «Достық көкпары» өтпеген. Жарысқа түрлі этнос жастары қатысып отыр. Бұл ойын салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, жастардың өзара татулық пен ынтымағын арттырады. Ұлттық спортты ұлықтауға арналған шаралар алдағы уақытта да жалғасады деп сенемін», - деді Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмайлов.
Көкпарда «Ынтымақ», «Бірлік», «Достық», «Байшұбар» деп аталатын төрт команданың ат құлағында ойнаған палуан жігіттері бас жүлдені жеңіп алу үшін барын салды. Тартысты ойыннан ерекше әсер алған көпшілік жарысты соңына дейін тапжылмай тамашалады. Ойын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан диплом және қаржылай сыйақы табыс етілді. Сонымен қатар, ойын барысында ептілігімен көзге түскен шабандоздар да арнайы номинациялармен марапатталды.