Оңтүстік Қазақстан облысынің әкімі Жансейіт Түймебаев Ордабасы ауданына жұмыс сапарын Бадам ауылында орналасқан «Ордабасы нан» ЖШС-нің жұмысымен танысудан бастады, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.
Аталған серіктестік негізінен заманауи үлгідегі түрік технологияларын пайдаланып, сапалы ұн өнімін шығарумен айналысады. Өнім халықаралық деңгейдегі мемлекеттік талаптарға, ал өндіріс қондырғылары халықаралық стандартқа сәйкестендірілген.
Алғаш рет жұмысын 2008 жылдың 2-тоқсанында бастаған серіктестік 2015 жылы өндіріс қуаттылығын арттыру мақсатымен диірмен құрылысын ұлғайтып, түрік технологиясымен жаңа қондырғылар орнатылған. Нәтижесінде мұнда тәулігіне 450 тонна бидай өңделіп, ұн өнімдері өндіріледі. Бұл жобаның жалпы инвестициялық құны 2 млрд. 680 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда "Ордабасы нан" өнімдері отандық нарықпен қатар, Ауғанстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортталуда.
Мұнан соң облыс әкімі Бөржар ауыл округіндегі «Миграж-Б» ЖШС-нің мал бордақылау алаңын да аралап көрді. Бұл кешен бір мезетте 200 ірі қара мал мен жылқы бордақылауға ыңғайластырылған. Мұнда жылына 70 тонна ет өндіру жоспарланып отыр.
Облыс басшысы аялдаған келесі нысан - жеке кәсіпкер Ермекбай Утеевтің жылыжайы болды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 2 млн. теңге несие алған кәсіпкер жылыжай салып, 2 азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Сондай-ақ, облыс басшысының назарына «Өрлеу» бағдарламасы бойынша ауданда атқарылған жұмыстар ұсынылды. 2017 жылдың 10 айында бағдарлама аясында аудан бойынша 1142 отбасыға 307 миллион теңгеден астам қаржы үйлестірілген. Азаматтардың дені алған қаржыны мал шаруашылығын жүргізуге жұмсауда. Жансейіт Түймебаев «Өрлеу» жобасымен қаржы алған қолөнершілерден домбыра сатып алды.
«Оңтүстікқазақстандықтар «Өрлеу» жобасының тиімділігін көре бастады. Өрлеу» жобасы аясында бүгінге дейін жалпы сомасы 6 млрд-тан астам теңге болатын шартты ақшалай көмекті 20 мыңнан астам жерлесіміз алып, отбасылық табыстарын еселеп отыр. Сондықтан кәсіп ашып, тірлік істеймін деген азаматтарға мемлекет тарапынан жасалынатын жеңілдіктерді насихаттау қажет» - Жансейіт Қансейітұлы.
Өңір басшысы Төрткүл ауылындағы «Нұр Агро 73» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытының да жұмысымен танысты. Өз жұмысын 2016 жылы бастаған нысанның инвестициялық құны - 255 млн. теңгені құрайды. Мұнда бүгінде 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның 230-ы жергілікті тұрғындар. 14 өндірістік құрылғыда жылына 30 мың тонна мақта өңделеді. Облыс көлемінде Мақтарал, Шардара, Ордабасы аудандарынан мақта қабылданады. Төрткүлде дайындалған мақта талшықтары бүгінде Чехияға, Белорусия мен Молдоваға экспортталуда. Мұнан өзге Шымкенттегі «Меланж текстиль» фабрикасына жөнелтіледі.