Фото: depositphotos.com
Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет квазимемлекеттік сектор саласындағы заңсыз баюдың жемқорлық схемасын ашты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша «Oil Construction Company» ЖШС Бас директорының орынбасары бизнес өкілдерінен бірнеше рет пара алу фактісі бойынша әшкереленді" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ол Маңғыстау облысының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Кендірлі» демалыс аймағы», «Тоқымақ» жерінде теңіз суын тұщыту зауытын салу» инвестициялық жобаларын іске асыру шеңберінде ақшалай қаражатты кедергісіз аудару үшін пара алған.
"Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі" - делінген агенттік хабарламасында.