16 нау, 2022 сағат 14:05

Облыс әкімдері жанама сайлау арқылы тағайындалады


Облыс әкімдері жанама сайлау арқылы тағайындалады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сондай-ақ мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді», - деді Мемлекет басшысы. 

Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Президентке облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымына балама негізде кемінде екі кандидат ұсыну құқығын регламенттейтін заңнамаға өзгертулер енгізу қажеттігін айтты.

«Осылайша, Президент мәслихаттардың қарау нәтижесін ескере отырып, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындайтын болады. Түптеп келгенде өңірлердің басшыларын жанама сайлау туралы сөз болып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысында өңір басшыларын мәслихатпен кеңеспей жұмыстан босату құқығы сақталады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.