05 сәу, 2022 сағат 10:14

NYT: Бейбіт адамдар Бучаны Ресей әскері бақылап тұрғанда қырылған


Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі "Бучаның бейбіт тұрғындары Ресей әскері 30 наурызда шығып кеткеннен кейін өлген" деген еді. Ал спутниктен түсірілген суреттер бұл ведомствоның уәжін жоққа шығарды. Мұны The New York Times басылымы жазды, деп хабарлайды Азаттық.

Газет мәліметіне қарағанда, видео мен спутник суреттері көшедегі мәйіттер үш апта бұрын пайда болғанын көрсетеді. Бұл кезде Буча қаласын Ресей әскері бақылап тұрған.

2 сәуірде жергілікті әкімшілік қызметкері түсірген видеоның бірінде Яблунский көшесінде адам мәйіттері шашылып жатқаны көрінеді. The New York ұсынған Maxar Technologies компаниясының спутниктен түсірілген суреттері кемі 11 мәйіт көшеде 11 наурыздан бері жатқанын көрсеткен.

"Кей мәйіттер жарылыс шұқырының, өзгелері мәшинелердің жанында жатыр. Кейбірінің қолы артына қайырылып, ақ матамен байланған" деп жазады The New York Times.

Яблунский көшесінде түсірілген екінші видеодан үш мәйіт байқалады. Бірі велосипедтің, екіншісі мәшиненің жанында жатыр. Спутник суреттері бұлардың 20-21 наурыз аралығында пайда болғанын көрсеткен.

Ресей Бучаның бейбіт адамдарының өлімі жайлы өзіне қарата айтылған айыптарды теріске шығарып отыр. Ресейдің Біріккен ұлттар ұйымындағы тұрақты өкілі Василий Небензя Нью-Йоркте өткен баспасөз конференциясында "Буча қаласындағы жағдай – Ресей әскерін дискредитациялау үшін әдейі жасалған арандату" деп атады. Небензяның сөзінше, "Мәскеу қолында Ресей әскерінің бұған еш қатысы жоғын білдіретін дәлел бар".

Ресей 4 сәуірде Бучадағы жағдайға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шақыруды талап етті, алайда кеңеске төрағалық етіп отырған Ұлыбритания вето қойды. Небензя мұны "қауіпсіздік кеңесінің практикасында болмаған өрескел қадам" деп атады.

Британия қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Ресейдің Бучаға байланысты сұранысын Қауіпсіздік кеңесінің сейсенбі, 5 сәуірде өтетін Украинаға байланысты кездесуімен ұштастыруды ұйғарған.