2024 жылдан бастап «Шоттардың бірыңғай жоспары» жаңа құралы енгізілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бюджет заңнамасын жетiлдiру туралы құжатты қарау кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында аудиторлық есеп нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген мақсаттарға пайдаланылмаған нысаналы аударым сомаларын 3 ай ішінде республикалық бюджетке қайтару көзделеді», - деді министр.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға қарыздар бөлу мерзімін 3 жылдан 6 айға дейін қысқарту ұсынылады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтудағы ықпалын арттыруы тиіс.
Бұдан бөлек, есептілікті жетілдіру аясында 2024 жылдан бастап «Шоттардың бірыңғай жоспары» жаңа құралын енгізу ұсынылып отыр.
«Бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жетілдіру аясында, стратегиялық жоспарлар мен өңірлерді дамыту бағдарламаларының іске асырылуы туралы есептердің негізінде бюджеттің шығыстары туралы аналитикалық есепті қалыптастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, Парламентте жылдық есепті қарау кезінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша әкімдердің есебін тыңдау көзделеді. Бұл жергілікті атқарушы органдардың нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша жауаптылығын арттыруға мүмкіншілік береді», - деді Әсет Ерғалиев.