28 қыр, 2018 сағат 09:55

Нығматулин: Студенттер мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздегі білім беру мекемелері мамандарды нарық талаптарына сай дайындамайтынын, салдарынан студенттер мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргенін ашық айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

Мәжілісте «Жұмыспен қамту саласының проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбында өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Нұрлан Нығматулин өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға қатысты мәселені шешу қажеттігін атап өтті.

«Еңбекпен қамту саласында жеткен жетістіктеріміз қатар шешілмеген сұрақтар да аз емес. Бұл біріншіден өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты. Мемлекет басшысы оларды есепке алу, көлеңкелі аймақтан шығару туралы тапсырма берді. Бұл салада үкімет орталық және жергілікті мемлекеттік органдар және депутаттық корпус бірлесе жұмыс істеуі қажет. Бүгінде депутаттар халықтың жұмысын формализациялау туралы заң жобасы бойынша жұмысқа кірісті», - деді ол.

Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин қазіргі таңда білім беру мекемелері мамандарды нарық талаптарына сай дайындамай отырғанын ашық айтты.

«Себебі, кадрларға деген сұранысқа байланысты терең талдау жасалмайды. Білім беру бағдарламары қазіргі талапты толық орындамай отыр. Сол себептен студенттер жастарға оқуын бітіргеннен кейін мамандағы бойынша жұмыс табу қиын. Осы мәселені шешу үшін кадрларға деген мониторингінің тиімді жүйесін құру қажет деп есептейміз. Ол мемлекеттік тапсырысты дұрыс орындауға үлкен мүмкіндік береді», - деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар ол елімізде шағын және орта бизнесті дамытудың маңызды екенін жеткізді.

«Қазіргі уақытта бизнес саласына тарту өте маңызды. Бұл жолда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жұмысты жүзеге асыруға болады. Бүгінгі таңда әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуды және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды көздейтін «Бастау» бизнес жобасы іске асырылып жатыр. Аталған жоба арқылы әрбір азаматқа жеке кәсібін ашып, оның дамуына жағдай жасалуда», - деді Нұрлан Нығматулин.

Сөз соңында Мәжіліс төрағасы тағы бір өзекті мәселеге тоқталды.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жұмыс орындарының қысқаруына алып келеді. Осыған байланысты автоматтандыру және цифрландыру кезінде әлемде кейбір кәсіптердің 30%-ға жуығы қысқаруы мүмкін деген болжам бар. Бұл жолда еңбек ресурстарын басқару жүйесін қалыптастыру маңызды болып саналады. Осы жолда мемлекеттік органдар азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер бірлесе жұмыс жасауы қажет. Себебі, азаматтардың өмір сапасын жақсарту баршамыздың ортақ мақсатымыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше,  бүгінгі күні елімізде 7 миллионға жуық жұмыскердің жоғары және орта кәсіптік білімі бар. Ол жұмыспен қамтылған  барлық азаматтардың 79 пайызын құрайды. Бұл Қазақстандағы еңбек ресурстарының сапасы жоғары екенінің дәлелі.