
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп демалыс орындарында шашылған қоқыс мәселесін көтеріп, тазалық тәртібін жолға қоюуды сұрап, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бурабайдың бір өзінің Швейцариядан несі кем? Осы Бурабайдың жалпыұлттық курорт атанғанына биыл 100 жыл толады. 100 жылдық тарихында талай құрылымдық өзгерістер болды. 2000 жылы Қазақстан Үкіметі өз қаулысымен «Бурабай» мемлекеттік-ұлттық паркі деген мекеме құрды. Қазір «Бурабай» Қазақстан Президенті Іс басқармасының қарауына қарайды», - деді Нұртөре Жүсіп Парламент Сенатының отырысында.
Депутаттың айтуынша, осы Бурабайда қаптаған қоқыс, шашылған заттар, пластикалық бөтелке, умаждалған пакет, көлдің лас суы – оның көркін кетіріп тұр.
«Қандай керемет демалыс аймағы! Бірақ қадірін неге білмейміз? Мемлекеттік-ұлттық табиғи парктің тазалыққа жауапты тиісті бөлімдері мен құрылымдары да бар. Бірақ қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік. Бурабайда демалушылар тастаған қоқыстар туралы әлеуметтік желіде таралған бейнеролик соның дәлелі. Бұл қалай? Жалпы, тек Бурабай емес, Қазақстанның кез келген өңіріне барсақ, не көп – қоқыс көп. Тастайтын да өзіміз, ластайтын да өзіміз. «Туған табиғатымызды аялап, күте алмайтындай басымызға не күн туды? Соншама ластайтындай, соншама қорлайтындай туған жеріміздің не жазығы бар?» деген сұрақ туады. Жер біздікі! Ел біздікі! Қазақстанға шетелден оралған қандас ақсақалымыздың бірі ұшақтан түсе салып, қара жерді сүйген сәті естеріңізде бар ма? Туған жерге деген осындай іңкәрлік қазір неге жоқ бізде?», - дейді депутат.
Сенатор қазақ халқы осы елдегі, жердегі бәріне де жауапты ұлт екенін атап өтті.
«Табиғатты таза ұстау үшін жанымызды таза ұстайық. Тазалық мәдениетін қалыптастырайық. Даламыз да, қаламыз да таза болсын. Туған жерімізді анамыздай ардақтау – өзімізге байланысты емес пе!? Ұлттық намысымыз қайда? Ел болуға ұлтарақтай жер таппай жүрген қаншама жұрт бар әлемде. Біз бардың қадірін неге білмейміз?» - деді сенатор.
Осы мәселені тізе келе Нұртөре Жүсіп бұл ретте Канаданың тәртібін басшылыққа алу керектігін жеткізді. Ол елде экологиялық талаптар қатаң сақталады. Канадада «Жасыл жоспар» деген ұлттық бағдарлама қабылданған.
«Тазалық мәселесін ұлттық құндылықтар қатарына шығару керек. Мемлекеттік тұрғыда шұғыл түрде тазалықты сақтау, бақылау, реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігі білініп отыр. Сізден осы мәселені қарап, Үкіметтің тиісті құрылымдары арқылы іс-шаралар кешенін жедел қабылдауды сұраймыз», - деді Нұртөре Жүсіп.
