20 ақп, 2019 сағат 17:24

Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі зор

Тәуелсіздікке қайта қол жеткізген 1991 жылдан бері Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік сахнада тек өз елінің ғана емес, сонымен бірге басқа көптеген елдердің де сенімін жаулаған бейбітшілікті жақтаушы көшбасшы ретінде танылуда. Бұл әрине кездейсоқ жағдай емес.

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық аренада табысқа жетуінде және аймақтағы елдер арасында алға шығуында Елбасының атқарған рөлі зор. Бұл мақалада Түркия жұртшылығының Елбасыны жақсырақ тануына септігін тигізу және тарихи деректер келтіре отырып, оның дәнекерлік пен дау-жанжалдарды шешудегі жетістіктеріне баса назар аудару мақсаты көзделді.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «түркі әлемінің ақсақалы» деп атады. Оның даналығын, саяси кемелділігін, татуластыру және дауларды шеше білу сияқты тұлғалық қасиеттерін Режеп Тайып Ердоғанмен қатар басқа да әлемдік көшбасшылар жоғары бағалауда. Елбасы «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабында «Білімді мыңды жығады, білген уақыттан озады» деген еді. 2014 жылы Ахмет Ясауи Университеті жанында құрылған Еуразия ғылыми-зерттеу институты да Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған жағымды ахуал арқасында өз қызметін сәтті жалғастырып келеді. Стратегиялық зерттеу орталығы ретінде қызмет ететін біздікіндей институттарға мүмкіндіктердің жасалуы Нұрсұлтан Назарбаевтың білімге ерекше маңыз бергенінің көрінісі.

Назарбаевтың дәнекерлік қасиеті мен дау-жанжалдарды шешудегі рөлі Түркияның күн тәртібіне әсіресе Түркия мен Ресей арасындағы дағдарысты шешуге қосқан зор үлесімен қатар Сириядағы режим мен оппозиция арасындағы кездесуді Астанада өткізу ұсынысы жасалғаннан кейін енді. Қазақстанның әлемдік сахнада тәуелсіз мемлекет ретінде құрметті орынға ие болуын негізін қалаушы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық қасиеттерінен бөлек қарастырмау қажет. Қазақстанның дамуы мен тұрақтылығы тарихты терең меңгерген, болжау қабілеті жоғары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кісілік келбетімен тығыз байланысты. Бұл мақала Қазақстан елордасы Астананың және Қазақстан Президентінің дәнекерлік қасиеті мен дау-жанжалдарды шешудегі рөліне тарихи деректер келтіру мақсатында жазылған.

Әлемдік баспасөзде алғаш рет 1980-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында күн тәртібіне енді. Сол кезеңдегі баспасөз беттерінде Назарбаевтың талантты дипломат, әрі шебер саясаткер екені баса айтылып, елдегі тұрақтылыққа, аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалыптастыруға үлкен үлес қосқанына қатысты мақалалардың жазылғанын көруге болады.

Елбасының халықтың ішінен шығуы мен мол өмірлік тәжірибесіне қоса, халықтың қажеттіліктері мен талаптарын терең талдай білетін психологиялық қабілетке ие болуының арқасында ол 1990-жылдардың басында басқа посткеңестік мемлекеттерден бұрын «алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген стратегияны іске асыра алды. Бұған қатысты Нұрсұлтан Назарбаев «Біз «Алдымен экономика – cодан соң саясат» деген айқын формуламен ілгерілеп келеміз. Саяси реформалардың әрбір кезеңі экономика дамуының деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша ғана елді жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге болады» деген болатын. Қазіргі таңда Президенттің бұл стратегиясының КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздікке қол жеткізген елдер үшін қаншалықты парасатты стратегия болғанын әлемнің барлық елдерінің басшылары мойындауда.

Қазақстандық үлгінің негізін қалыптастырған ұғымдардың бірі – толеранттылық. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл жөнінде қазақ халқы қиын жағдайдан қаншалықты зардап шексе де өзге халықтарды бұл үшін жауапты деп есептемеді және ұлттық толеранттылығын, қауіпсіздігі мен достық түсінігін сақтап қалды. Өз кезегінде бұл жағдай еліміздегі түрлі ұлт өкілдері арасындағы қарым-қатынастардың тұрақты дамуы үшін негіз қалыптастырды деген пікір өрбітті. Осыдан көріп отырғанымыздай, Қазақстанның көшбасшысы ішкі және сыртқы қарым-қатынастарында толеранттылық ұғымына баса назар аударады және бұл ұғым қазақстандық үлгі негіздерінің бірі болып саналады. Төмендегі мысалдарда Қазақстанның сыртқы саясатындағы толеранттылықтың рөлін көруге болады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейбітшіл саясатына, бітімгерлік, дәнекерлік қасиетіне тарихтан тағы бір мысал келтірейік. 1991 жылы 11 қыркүйекте қазақ ұлтшылдары мен Орал казактары арасында жанжал пайда болды. Бұл жанжалға «Орал казактарының орыс патшасына қызмет етуінің 400 жылдығын» атап өтпек болғаны себеп болды. Алайда қазақ ұлтшылдары бұған қарсы екендерін білдірді. Кеңес Одағы ыдырайын деп жатқан кезде туындаған жанжал қазақтар мен орыстар арасында үлкен қақтығысқа әкелуі мүмкін еді. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаев араша түсіп, ірі этникалық қақтығыстарды болдырмады.

Дәл солай Назарбаевтың аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадамдарының бірі Кеңес одағынан қалған ядролық қаруды иеленуден бас тартып, Қазақстанның ядролық қарусыз ел мәртебесіне ие болуына мүмкіндік беруі және ядролық қаруды таратпау саясатын жүргізуі болды. Назарбаев бұл шешімнің арқасында халықаралық аренада үлкен беделге ие болды. Белгілі болғандай, қырғи-қабақ соғыс кезеңінің жанталаса жаппай қарулану жарысында Қазақстан Кеңес Одағының қару-жарақ зертханасы ретінде пайдаланылып, тәуелсіздік алғаннан кейін әлемдегі төртінші ядролық күшке айналды. Назарбаев маңызды шешім қабылдап, Кеңес Одағының бұл мұрасынан бас тартты. 1949-1989 жылдары орташа есеппен үш аптада бір рет ядролық сынақ өткізілетін еді. Қырық жыл бойы 752 жарылыс, соның ішінде 78-і жер үстінде, 26-сы атмосферада, қалғаны жер астында жүргізілді. Бұл сынақтар табиғи ортаға да, халық денсаулығына да кері әсерін тигізді. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жағымсыз әсерлерді болдырмау және Еуразиялық аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында Семей ядролық сынақ полигондарын жауып, ядролық мұрадан бас тартты. 1994 жылы 5 желтоқсанда жасалған Будапешт қаласындағы ЕҚЫҰ саммиті аясында сол кездегі АҚШ Президенті Билл Клинтон, Ресей Президенті Борис Ельцин және Ұлыбритания Премьер-министрі Джон Мейджордың «Қазақстан үшін ядролық кепілдіктер меморандумына» қол қоюын қамтамасыз етіп, бұл меморандумға кейінірек Қытай мен Францияның қатысуына бастамашылық жасады. Осылайша, мемлекетаралық келіссөздерде дипломатия саласындағы тәжірибесі арқылы әлемдік саясаттағы алып елдердің Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қолдау көрсетуін қамтамасыз етті.

Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен әлем бейбітшілігі, ішкі және сыртқы тұрақтылық пен орнықты саяси-экономикалық дамуға ұмтылған елдердің бірі ретінде әлемдік сахнада өз орнын алды. Елбасының кісілік ерекшеліктері көрініс тапқан тағы бір сала – сыртқы саясат. 1992 жылы әзірлеген «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясы» атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің сыртқы саясатын белгілеуде елдің геосаяси жағдайын, экономикалық, әлеуметтік-мәдени және этно-діни ерекшеліктерін, Еуразия аймағында және одан тыс жерлерде күштің таралу әсерін ескере отырып, «баршамен достық пен тепе-теңдікке негізделген көп векторлық сыртқы саясат» жүргізудің мемлекет мүдделері мен қауіпсіздігі үшін неғұрлым қолайлы болатынын айқындады. Қазақстан бұдан кейінгі сыртқы саяси қарым-қатынастарында бір векторлық саясат жүргізудің орнына барлық елдермен тең дәрежеде көп векторлық сыртқы саясат жүргізуге бағытталды.

Осы тұрғыда Қазақстан қуатты аймақтық елдер, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – Ресей мен Қытай сияқты көршілерімен тату-тәтті, достық қатынаста өмір сүруге талпынып, әсіресе АҚШ пен Түркия тәрізді басқа да әлемдік елдермен барлық салаларда екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға күш салды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бейбіт жолмен дамуды таңдады. Қазақстанның кең-байтақ аумағы елді Азия әрі Еуропа тұрғысынан геостратегиялық мықты ел болуына септігін тигізіп жатқаны мәлім. Алайда, геостратегиялық жағдайынан пайда табуы Қазақстанның сыртқы саясатын мұқият жүргізуіне байланысты және мұны Назарбаев өте жақсы біледі. Сондықтан Қазақстан стратегиялық жағдайын назарға ала отырып, сыртқы саясат басымдықтары мен дипломатиялық қызметін анықтады. Бұл философия мен стратегияны сыртқы саясатта жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан ел тұтастығын нығайтты, сондай-ақ өзге мемлекеттердің араласуына тосқауыл қойып, әсіресе түркітілдес елдермен өзара тиімді қарым-қатынастар орната алды.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақстанның халықаралық ортаға интеграциялануы үшін саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру арқылы жаңғыртуды көздеді. Мұнда да Қазақстанның тұрақты және экономикалық дамуына сырттан келе алатын ықтимал қауіп-қатерден қорғау үшін «қауіпсіздік белдеуін құру» стратегиясын қолға алды. Осыған байланысты Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздік үстемдігін орнатып, оның жалғасуын қамтамасыз ету үшін 1992 жылы 5 қазанда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨІСШК) құру туралы ұсыныс жасады және ұйымның дамуын қамтамасыз етіп, 2010 жылға дейін барлық шығындарды өзіне алды. Алғашқы Саммит дәл он жыл өткен соң 2012 жылы Алматы қаласында өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде ұйымның құрылуына қатысты мынандай пікірді өрбітті: Бүкіл ішкі және сыртқы мәселелерімізді толығымен бейбіт жолмен және зорлық-зомбылықсыз шештік. Мемлекет қарым-қатынастары өзара түсіністік пен сенім негізінде құрылған жағдайда әрқашанда келісімге келуге болатынын анық түсіндік. Саясаттың негізінде бейбітшілік пен бейбітшілікті орнатуға шынайы ниет бар болған жағдайда ғана бұл саясат бейбітшілікке ұласады. Қазақстан көптеген жылдар бойы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге талпынды. Алматы қаласында Еуразия елдері кездесіп, аймақта бейбітшілікті қамтамасыз ету бойынша қызмет ететін үлкен форум – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 1-ші Саммиті осының айғағы болып табылады. 

Елбасының ең маңызды дипломатиялық жетістіктерінің бірі – 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және 2010 жылы 30 желтоқсанда Саммит өткізуі. 1999 жылы Ыстамбұлда өткен Саммиттен 11 жылдық үзілістен кейін ЕҚЫҰ саммиті Астанада жасалды. Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасында ЕҚЫҰ-ға бірінші болып төрағалық етті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ұраны латынның төрт «T» әрпі болды: сенім (trust), дәстүр (tradition), транспаренттілік (transparency) және төзімділік (tolerance). Қазақстан төрағалығының арқасында ЕҚЫҰ-ның Еуразия аймағына көңіл бөле бастағанын және осы саладағы мәселелерді шешу бойынша маңызды қадамдардың жасалғанын да атап өткен жөн.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «әлемдік діндер арасында диалог пен толеранттылықты қамтамасыз ету» мәселесін де қолға алып, конгресс өткізу идеясын жүзеге асырды. Назарбаевтың конфессияаралық диалог үшін тұғырнама құру идеясын фанатизм, экстремизм және лаңкестікке қарсы күресте маңызды қадам ретінде қарастырған жөн. 2003 жылы 24 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 1-ші съезі Астанада өткеннен кейін 5-ші съезд 2015 жылы 11 маусымда қайтадан Астана қаласында өтті. Мәселен, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5-ші съезінен кейін діни көшбасшылар мен саясаткерлер Астана декларациясын қабылдады. Бұл Декларацияда діни көшбасшылардың әлемде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету үшін саясаткерлерді ынталандыру қажеттігіне көңіл бөлінген. Сондай-ақ, бұл съезден кейін 2018 жылы Астанада 6-шы съезді өткізу жөнінде шешім қабылданды. Астанада конфессияаралық саммиттің ұйымдастырылуының маңызы зор деуге болады. XXI ғ. басында әлемнің түрлі дін және мәдениет өкілдерінің арасында өзара құрмет болмаса халықтар арасында келісімге келудің қиынға соғатыны бәріне де түсінікті. Сондықтан, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 2005 жылы Түркия мен Испания премьер-министрлері құрып, кейінірек БҰҰ Бас хатшылығы қабылдаған Өркениеттер альянсы сияқты басқа да жаһандық бастамалар арасында маңызды орынға ие болды. Лаңкестік, экстремизм және исламофобия қаупі күннен-күнге өршіп бара жатқан әлемде осындай съезд бен Өркениеттер альянсының түрлі мәдениет және дін өкілдері мен қауымдастықтар арасында тиімді диалог жүргізуге сүйенген халықаралық қауіпсіздік парадигмасына септігін тигізетінін ерекше атап өту қажет. 

Барлық осы бастамалар Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігері әрі Еуразия аймағындағы тұрақтылыққа, әрі жаһандық қауіпсіздікке зор үлес қосып жатқанын көрсетуде. Көптеген сөздерінде жаңа әлем мен ортақ болашақ үшін әрбір тұлғаның жауапты екенін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев соғысты аяқтау қажеттігін баса айтып, мәселелерге шешімді сындарлы сын мен диалог арқылы іздеу керектігін білдірді.

Қысқаша айтқанда, Қазақстан 1991 жылы желтоқсаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылығымен халықаралық аренада белсенді саясат ұстана бастады. Көп векторлы сыртқы саясаттың жүзеге асырылуы Астананың дағдарыстағы тараптар арасында дәнекер немесе кем дегенде дипломатиялық арна рөлін атқаруын қамтамасыз етті. Әсіресе, 2015 жылы қараша айында болған ұшақ дағдарысынан кейін Түркия мен Ресей арасындағы дағдарысты шешуде дәнекер бола алған ел Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығындағы Қазақстан болды. Себебі, Қазақстан Түркиямен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынастар орнатқан. Елбасы тарихи рөл атқарып, Түркия мен Ресей арасында қайтадан диалог тетіктерін құру үшін көп еңбек сіңірді. Тіпті дереу ұшақ дағдарысынан кейін Реджеп Тайип Ердоған Елбасыға арнайы телефон шалып, алғыс айтты. Назарбаев Путинмен болған келіссөздерден жағымды сигналдар алғаннан кейін екі ел арасындағы дауды шешу үшін тарихи дәнекерлік рөл атқарды. 

Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасындағы табысты дәнекерлік рөлі Сирияға қатысты бейбіт келіссөздерді бейтарап аймақта – Астанада өткізуге себепкер болды. Елбасының жоғарыдағы мысалдарда келтірілген дәнекерлік рөлін Сирия үшін де жүзеге асыруға дайын екенін білдіріп, Сирияда толастамаған қатыгез соғысты тоқтату мәселесіне мән беретінін растады.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның үлкен жетістіктерге жетуін қамтамасыз етіп, Қазақстанның саяси құрылымын салған және елін әрі Еуразия аймағында, әрі әлемдік сахнада маңызды күшке айналдыруға еңбек сіңірген тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тарих бейбітшілік үшін күрескен адамдарды еш ұмытпайды. Себебі қаналғандардың дұғасы әрдайым олармен бірге болады.

Невзат Шимшек