Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақтан облысына жұмыс сапары барысында жаңа алаңда жұртшылықпен және оқушылар сарайында жастармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Президент оқушылар сарайында алдымен балғын боксшылармен емен-жарқын әңгімелесті. Жас былғары қолғап шеберлері болашақта осы Батыс Қазақстан облысынан шыққан Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов сияқты әлемдік жарыстарда топ жаруға уәде берді.
Мемлекет басшысына өңірде денсаулық сақтау және білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобалары таныстырылды. Елбасы бұл жөнінен Батыс Қазақстан облысының алда екендігін, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керектігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев бір топ жаңашыл жастармен кездесті. «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева қазақ тілінде «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген «Медиа этика» кітабын оқып, көкейге түйгендігін айтса, 1991 жылы Президент есімін қойған Нұрсұлтан Сақпаев ұшқыш болуды бала кезден армандағанын, қазір соның орындалып жатқанын жеткізді. Сол секілді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зарина Ықсанова «Президенттің әлеуметтік бес тапсырмасы» аясында облыста жаңадан жатақханалар салынып жатқаны жастар үшін үлкен қуаныш екендігін мәлім етті. Жас кәсіпкер Асхат Рамазанов өзінің жаңа жобаларымен таныстырды.
Елбасы жастарға қазіргі уақытта мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер жасалып отырғанын айтып, оларға жаңашылдық жолында табыс тіледі. Осымен Президенттің Батыс Қазақстан облысындағы сапары аяқталды.