28 жел, 2018 сағат 22:28

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстанда туризмді дамытатын 10 нысан іріктелді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты барысында еліміздің қай өңірінде туризм қарқынды дамытылатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туризм дүниедегі экономиканың үлкен саласының бірі. Дүниежүзі экономикасының 10 пайызы туризмде жатыр. Ал, бізде онша дамымаған. Енді қолға алынып жатыр. Биыл елдің бәрі көрсін деп, әдейі Алакөлге бардым. Адамдар өте көп, салынып жатқан 4-5 жұлдызды бір-екі қонақ үй бар. Туризм болуы үшін алдымен жол керек. Алматыдан Талдықорған арқылы Алакөлге дейін жол бар. Сол арқылы халықтың барлығы барып жатыр», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Балқаш көлі еліміздің дәл орталығында орналасқанын және оның Ыстықкөлден еш кем еместігін атап өтті.

«Бірақ, инфрақұрылымы жоқ. Оған қонақ үй салынды. Мұнан кейін, Алматы облысы туризм үшін тартымды.  Түркістанда да туризм үшін қонақ үйлер салып жатырмыз. Әуежайы, жолдары жөнделетін болса, ел барады. Көкшетауда «бес жұлдызды» бір қонақ үй бар. Коттедждер салынуда. Ресейден де адамдар көп келеді. Солтүстік Қазақстанда Шалқар-Имантау  деген көл бар. Ол Бурабайдан да әдемі», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда Түркиядан кем емес демалыс орындарын салуға болатындығын да баса айтты.

«Каспийде суға шомылу маусымы 4-5 айға созылады. Мұндай Түркияда да жоқ. Ыстықкөлде бір ай ғана. Қазір Ақтауда әуежай да бар. Қаланы әуежайға қарай өсіретін боламыз, жаңа қала салынады. Жағалауының барлығы ел демалатын жерлер, қонақ үйлер, коттедждер болады. Оған туристік жағынан қараған емеспіз. Себебі жол болған жоқ. Қазір міне, Астанадан барлық жаққа - оңтүстікке, солтүстікке, шығысқа, батысқа салып жатырмыз. Қазір туризмді дамытатын 10 нысан таңдап алдық, оның ішінде Ақтау, Алматы, Каспийдің жағалауы, Оңтүстік Қазақстан, Баянауыл бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.