Мемлекеттің құрылымында мен үшін ең күрделі мәселе - адамдардың психологиясын өзгерту болды. Астанада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі кездесу азаматтық қоғамның қалай еңсесін тіктеп қалғанын көрсетіп берді. Азаматтық қоғам мемлекетпен бірге жұмыс істеуге белсенділік танытып отыр. Осы жылдардың ішінде Үкіметтік емес ұйымдар институционалдық тұрғыда қалыптасып қалды. Осыған дейінгі пікірталастар есіңізде болар. Үкіметтік ұйымдар Үкіметтік емес ұйымдарды қабылдамай, біздің іске араласып жатыр деп те дабыл қаққан кездер болды. Мұның бәрі де Кеңес одағынан қалып қойған түсінік», - дейді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің буыны - бала балабақшадан кейін мектепке бару керек, одан соң пионер, комсомол болып, ақыры мемлекеттің көмегімен жұмысқа тұрып, тіпті жерлеудің өзі мемлекеттің есебінен болатын жүйеде өмір сүргенін еске алды.
«Міне, осыған үйреніп қалғанбыз. Сондықтан, мемлекеттің құрылымында мен үшін ең күрделі мәселе - адамдардың психологиясын өзгерту болды. Яғни, әр адам патронаттықтан гөрі, өзім үшін еңбек ету деген түсінікті сіңіру қажет еді», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі таңда жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалғанын тағы да еске салды.