Нұротандықтар Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының тұрғындарына Елбасының бес әлеуметтік бастамасының төртінші бағыты бойынша мүмкіндіктердің барысы туралы айтып берді.
Іс-шараға қатысушылар «Шағын несие беруді көбейту» төртінші бастамасының іске асырылу мәселесіне ерекше назар аударды. Өз ісін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туралы Антоновка бастауыш партия ұйымының төрағасы, селолық округтің әкімі Ермек Қасымғалиев айтып берді.
– «Шағын несие беруді көбейту» ауыл үшін өте маңызды бастама. Өйткені көптеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе тұрақты жұмысы жоқ адамдар кәсіпкерлікпен айналысуға, шағын бизнес ашуға мүмкіндік алады. Өткен 2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Бағдарлама аясында кәсіпкерлік бастамаларды да қолдау шаралары қарастырылған, – деді Ермек Қасымғалиев.
Бастауыш партия ұйымы төрағасының айтуынша, бизнес ашу үшін ауыл тұрғыны ХҚКО-на, «Атамекен» ҰКП филиалына немесе округ әкімдігіне жүгінуге тиіс. Оның өтінімі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бағытталған болады. Кейін ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге кеңес беріліп, ол «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие болады. Сертификатын алғаннан кейін кәсіпкер 5-7 жыл мерзімге жылдық үстемақысы 6 пайызды құрайтын несие алуға қол жеткізеді.
Еламан Мақсотұлы