«Нұрлы Жер» бағдарламасына 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«2018 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 1,4 трлн теңге көзделген. Ағымдағы жылмен салыстырғанда шығыстар көлемінің азаюы екі негізгі факторға байланысты болды.
Біріншіден, бағдарламаларды қаржыландыру көздерінің Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттен мұнайлық емес кірістерге өзгертілді, яғни келесі жылдары Республикалық бюджеттің көздерінен қаржыландырылатын болады. Екіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ағымдағы және келесі жылдың бюджет қаражатын игеру болжамдары есепке алынды», - деді ол.
Министрдің дерегінше, «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 512,6 млрд теңге, одан 2018 жылға 243,3 млрд теңге сомасында шығыстар көзделді. Ал «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына 208,8 млрд теңге, одан 2018 жылға 125,2 млрд теңге бағыттау ұсынылып отыр.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша 2018 жылға 195 млрд теңге көзделді. Бұл шығыстар қаржы қызметтерінің (субсидиялардың) қол жетімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларға, су шаруашылығын және ветеринарияны дамытуға, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға жалпы сомасы 232,9 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылға 76,1 млрд теңге көзделген», - деді Б.Сұлтанов.
Оның айтуынша, 2018 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 292,6 млрд теңге жұмсалатын болады. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін, құқық тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге және ішкі тұрақтылықты қолдауға 2018 жылы шығыстар 1 088,9 млрд теңгені құрайды.
«Республикалық бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қарағанда 2018 жылғы 1,1 пайыздан 2019-2020 жылдары 1 пайызға төмендейтін болады. Бұл мемлекеттік борыш көлемін шекті деңгейде сақтауға мүмкіндік береді», - деді ол.