01 жел, 2017 сағат 16:31

Нұрлан Сауранбаев облыс және қала тұрғындарын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады

Оңтүстік Қазақстан облысы орталығы - Шымкент қаласының әкімі Н.Сауранбаев барша оңтүстікқазақстандықтарды және шаһар тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

«Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз күллі әлем танып, мойындаған еңселі мемлекетке айналды. Еліміздің бұл жеткен жетістігі мен шыққан биігі сөз жоқ егемендігіміздің, бірлігіміз бен тұтастығымыздың беріктігін айғақтайтын айқын дәлел. Сондықтан бұл мереке – тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп келе жатқан мемлекетіміз үшін маңызы мол, тарихи тағылымы терең мейрам.

Қазақстан өзінің егемендік тарихында әлеуметтік-экономикалық, мәдени жетістіктерімен дараланып, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясын, «Болашақ», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары мен басқа да тарихи маңызы зор құжаттарын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Биыл елордамыз Астанада табысты өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі тәуелсіз Қазақстанның тұғырын тағы да биіктетіп, әлемдік аренадағы беделін асқақтата түсті.

Еліміздің барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығы мен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің нәтижесінде келді.

Елбасы біздің Оңтүстік өңіріне және облыс орталығына әркез ерекше ықылас танытып келеді. Президенттің қолдауымен Шымкент еліміздің үшінші мегаполисі ретінде өркендеп, көркейе түсуде.

Қадірлі жерлестер!

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен мемлекеттігіміздің тарихы тамырлас, президенттік институттың қалыптасу кезеңі өзектес. Біздің басты мақсатымыз – Елбасының төңірегіне топтаса отырып, «Мәңгілік елдің» құндылықтарын қастерлеу, келешек ұрпаққа басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың туын биік ұстап, табыстау.

Осынау мерейлі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін!»,  - деді қала әкімі.