17 там, 2018 сағат 13:16

Нұрлан Ноғаев: Мектеп сауда орны емес



Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев білім беру саласының қызметкерлерімен кеңес өткізіп, білім беру объектілерінің жаңа оқу жылына дайындығы мәселесін қарады.

Жаңа оқу жылына дайындық туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев баяндады.

-Облыстың оқу орындарын ағымдағы жөндеу үшін бюджеттен 328,2 млн. теңге бөлінді. 2 млрд теңгеден астам қаржы 18 оқу орнын күрделі жөндеуге жұмсалды. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан барлық мектептерде жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Сонымен бірге бүгінгі күні 30 оқу орнының құрылысы жүргізілуде. 8 мектеп және 14 балабақшаны ағымдағы жылдың аяғына дейін пайдалануға беру жоспарлануда, - деді Қайырғали Кенжеғалиев.

Мектептердің оқу жылына жүз пайыз дайындығын облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мұсағалиев жоққа шығарды.

-Қалада апатты жағдайға жақын күйдегі мектептер де бар. Олардың жай-күйі жақсы деуге келмейді, жасайтын жұмыстар жетерлік. Жөндеуді қажет ететін басқа да білім беру объектілері бар, - деп мәлімдеді Темірбек Мұсағалиев.

Өңір басшысы мектептер директорлары мен білім беру басқармасы басшысының жауаптарын тыңдап, оған проблемалық мектептер туралы барлық ақпаратты ұсынуды тапсырды.

-Білім беру басқармасы басшысының баяндамасында бұл мәліметтер неге жоқ? Біз проблеманы тауып, оны шешуіміз қажет, барлығы жақсы деген түр танытып, бір бірімізден жасырудың керегі жоқ. Егер оқушыларды қабылдауға дайын емес мектептер болса, жедел түрде бұл мәселені шешу қажет. Қала әкімі мен облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына осы мектептерді тексеруді және қысқа мерзімде ұсыныс беруді тапсырамын, - деді Нұрлан Ноғаев. – Барлық әлеуметтік объектілер ерекше бақылауда болуы қажет. Барлық деңгейдегі әкімдер, білім беру саласының қызметкерлері мектептердің жаңа оқу жылына дайындық процесін өздері бақылауға міндетті.

Кеңесте ағымдағы жылы оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуде проблема болмайтыны айтылды. Жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңгеден астам қаражат қажетті оқу материалдарын сатып алуға бөлінді.

- Маған ата-аналардан шағымдар түсуде, олар оқу орындарында түрлі гаджеттерді, ойын құралдарын, қажетсіз оқу құралдарын, күмәнді қызметтерді сатуды тоқтатуды сұрайды. Егер мектеп әкімшілігі мұның қажеттілігі бар деп есептесе – мұны ата-аналар жиналыстарында, қамқорлық кеңестерінде ұсыныңыздар. Бұларды балаларға сатудың қажеті жоқ. Мектеп – сауда орны емес, оқу ордасы. Бұл тәжірибені тоқтату қажет. Жауапты тұлғалар мұны бақылауға алады, - деп баса айтты Нұрлан Ноғаев.



Өңір басшысы атап өткендей, білім беру саласы қоғам алдында үлкен жауапкершілік алады. Оқу орнын бітіруші қандай білім алса, болашақта ол қоғам үшін сондай үлес қосары анық.

- Мемлекет басшысы қоғамның алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Оларға жету үшін елімізге кәсіби, білімді кадрлар қажет. Ал бұл сіздердің жұмыстарыңыз, сіздің тікелей міндетіңіз. Егер сіз болмасаңыз мұнымен кім айналысады? Педагогтарды барлық уақытта да үлгі етеді, сіздер болашақ ұрпақты тәрбиелеп отырсыздар. Біз барлық қажетті жағдайларды жасаймыз, барлық қажетті қаржыны бөлеміз. Сіздердің міндеттеріңіз – балаларға барлық жақсыны беру, - деп сөзін қорытындылады Нұрлан Ноғаев.