03 ақп, 2020 сағат 06:23

Нұр-Сұлтандық полицей 7 адамды өрттен құтқарды

Елордада полиция қызметкері 7 адамды құтқарып қалды, – деп хабарлайды polisia.kz.

Ерлан Жаңабаев 1 қаңтар күні әкімшілік аумағында кезекшілік атқарып жүргенде Орлыкөл көшесіндегі жатақханадан шыққан қою түтінді көрген. Ол тез арада көмекке ұмтылды. Сонымен қатар құтқарушыларды көмекке шақыруды да ұмытпады.

Ол өрт сөндірушілерді күтіп отырмай, үйге жүгіріп кіріп, іштегі адамдарды сыртқа шығара бастады. Олардың арасында қарт адамдар мен балалар болған. Ерлан Жаңабаев түтіндеген үйден 7 адамды эвакуациялады. Оның ішінде 2 бала бар.

Қазіргі таңда оқиғаның себебі анықталып жатыр. Полиция капитаны ол туралы ешкімге айтпаған. Бұл жағдай өрттен құтқарылған адамдардың алғыс айтқан видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін ғана белгілі болды. Олар учаскелік инспектор болмағанда бәрі қайғылы аяқталуы мүмкін екенін айтады. Полицейдің өзі ерлік жасадым деп санамайды.

 «Полициядағы қызмет – адамдарға күнделікті көмек көрсету. Бұл – біздің жұмысымыз. Мен ерекше іс істедім деп ойламаймын. Бұл жағдайда кез келген адам осылай жасар еді», - дейді полицей.

Ерлан Жаңабаев ішкі істер органдарында 17 жылдан бері жұмыс істейді.