Елорда әкімдігі «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Салтанат қақпасындағы жағдай көңіл көншітпейді. Жер асты арқылы өтпе жолдың туннельдік бөлігін салу барысында жұмыс сапасыз жүргізілген. Жыл сайын жүргізілетін жөндеу жұмыстары кемшіліктерді еңсеруге мүмкіндік бермейді. Болжам бойынша, күрделі жөндеу жұмыстарына шамамен 600 млн теңге керек», - деді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов елордалық мәслихаттың сессиясында.
Өз кезегінде мәслихат депутаты Сергей Солодовников қақпа Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 2011 жылы ашылғанын атап өтті.
«Қалалықтар мен шаһар қонақтары салтанат қақпасына ерекше қызығатындықтан, 2015-2016 жылдары жоғарғы қабаттағы музейге жөндеу жүргізілген болатын. Алайда жер асты өтпе жолдың туннельдік бөлігінің құрылысы кезінде құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізілген. Атап айтқанда, нашар гидроизоляция, қақпа аумағының жол бөлігіне сапасыз жанасуы, жол жабындылары шарттарының сақталмауының саллдарынан жер асты жолына су толып кетеді», - дейді Сергей Солодовников.
Депутат өз сөзінде жыл сайын жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған кемшіліктерді жоюға көмектеспей тұрғанын, ал 2019 жылғы көктемгі жаңбыр бұл мәселені тіпті ушықтырып тұрғанын айтып өтті.