01 там, 2019 сағат 11:20

Нұр-Сұлтандағы құрылыс нысанында паркингтегі орындар пәтер ретінде сатылған

Елорда әкімі Алтай Көлгінов таңертеңгілік аралау кезінде проблемалы нысанның бірі «Қорғалжын кварталында» болды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл үйдің құрылысына 292 үлескер қаражат салған. Мұндағы пәтер саны тұрғын үй кешені жобасынан артық. Бұрынғы құрылыс салушы тұрғын үйдің жоғарғы техникалық қабаттары мен жертөлелерін пәтер ретінде сатып жіберген.

«Бұл аумақта ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Бізде ең төменгі қабатта паркинг бар. Бірақ бұл орындарды пәтер ретінде сатып жіберген. Ол жерден 13 адам пәтер сатып алған. Абаттандыру жұмыстары жоқ, инженерлік желілер де жоқ. Қазандық жабық тұр. Біз тіпті оның жұмыс істейтін, не істемейтінін де білмейміз», - деді тұрғын үйдің үлескерлері.

Олардың айтуынша, үлескерлер өздері күзет жалдап, қарауыл қойған. Себебі, үйдің құрылыс материалдарының қолды болып кетуінен қауіптенеді. Осылайша бұл тұрғын үй кешені 2017 жылы проблемалы нысан болып танылып, салынған қаржы қайтарымын қамтамасыз ету үшін қосымша жер учаскесін бөлу қарастырылған.

«Үлескерлерге үйлерінің құрылысының аяқталып, өз пәтерлеріне кіруі үшін мемлекет көмектесіп жатыр. Жоба-сметалық құжатқа түзету енгіземіз, мемлекеттік сараптама жасаймыз. Оған қоса инженерлік желілері бойынша жобаны алу керек. Содан кейін барып абаттандыру жұмыстарына кіріскен жөн. Жұмыс жүргізілетін болады», - деп атап көрсетті қала әкімі Алтай Көлгінов.

Қалада құрылысы аяқталмаған 51 объекті бар.