30 нау, 2022 сағат 17:31

Нұр-Сұлтандағы қарлы боран: 160 жол-көлік оқиғасы тіркелді


Қазір Нұр-Сұлтан жолдары ашық. Қалада жағдай жақсарды. Алайда боран салдарынан бірнеше тұрғын зардап шегіп, 160 жол апаты болды. Елорда әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті қолайсыз ауа райының салдары туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, 112 құтқару қызметіне 2 175 шақырту түскен. 29 наурыз сағат 18.20-дан 30 наурыз таңғы сағат 6.00-ге дейін екпінді жел мен қарлы боран салдарынан 18 оқиға туралы хабарлама түскен. Тұрғындар ағаштардың құлауы, шамдардың сынуы, шатыр жабындарының бұзылуы және т.б. деректерге қатысты шағымданған.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 29 наурызда кешке ауа райының нашарлауына байланысты қалалық ауруханалардың травматология және жедел жәрдем бөлімшелеріне түрлі дене жарақатымен 10 адам жүгінгенін хабарлады. Жеті адам өзі келсе, үшеуі жедел жәрдеммен жеткізілген. Бәрі амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілген.

Полиция департаменті мәліметінше, елордада бір тәулікте 160 жол-көлік оқиғасытіркелген. Зардап шеккендер жоқ.

"Кеше сағат 20.10 шамасында Lada көлігін тізгіндеген 26 жастағы жүргізуші Қарқаралы тасжолымен Қосшыдан Қабанбай батыр даңғылына қарай келе жатып, Volkswagen көлігімен соқтығысқан. Кептеліс және боранда жолдың көрінбеуіне байланысты тағы төрт көлік жол бөлігінде соқтығысты", - деді ПД өкілдері.

Сондай-ақ, кеше Астрахань тасжолымен Талапкер ауылы жағынан келе жатқан Shacman жүк көлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, сол бағытта келе жатқан басқа Shacman жүк көлігімен соқтығысқан. Одан кейін тағы үш көлік соқтығысқан.

"Елордалық құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп, 38 рет рейс жасады. Қалада және жақын маңдағы аудандарда құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде 160 адам құтқарылды, оның ішінде 52-сі бала

Жол полициясымен бірлесе отырып, бекеттер орнатылды. Аялдамаларда автобус күтіп тұрған азаматтарды жеткізу үшін қала бойынша 25 жергілікті ауысым жұмыс істеді", - деді ТЖД өкілдері.

Қазір елорданың аудан әкімдіктерінде боран салдарын жою бойынша Жедел штаб күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Барлық қызмет тәулік бойы жұмыс істейді, бригадалар кезекшілікте бағдаршамдарды, шамдарды, қоршауларды жөндеп жатыр.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі боран салдарын жою туралы өтінішпен келесі нөмірлер арқылы хабарлауға болатынын қосты:

  • Сарыарқа ауданы - 8 705 429 88 25, 55 64 91;
  • Алматы ауданы - 8 708 813 3581, 36-10-90, 8 707 170 11 81 (WhatsApp);
  • Байқоңыр ауданы - 8 775 938 06 91, 55 75 19;
  • Есіл ауданы - 8 775 643 40 63, 8 701 444 48 65, 8 775 110 01 96, 55 73 82, 55 69 07.