24 қыр, 2019 сағат 11:40

Нұр-Сұлтандағы ғимараттар нормативтен екі есе көп энергия тұтынады - БҰҰ

Нұр-Сұлтан қаласындағы ғимараттар нормативтен екі есе көп энергия тұтынады. Бұл туралы жылумен қамту секторында баламалы қуат көздерінің үлесін арттыру мәселесіне байланысты елордада өткен косультативті сессияда БҰҰ Даму бағдарламасы жобаларының менеджері Александр Белый мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Энергия тиімділігіне қол жеткізу үшін тұрғын үй құнын қаншалықты көтеруге болатынына талдау жасалған болатын. Оңтайлы болжам айқындалды: баспана 10 пайызға қымбаттаса, шамамен 30-40 пайыздық энергияны үнемдеуге болар еді. Қарағанды қаласында тұрғын үй мақсатында 9 қабатты ғимарат тұрғызылды. Онда алғаш рет жылуды қалпына келтіру жүйелері қолданылды. Қазақстанда бұл жүйелерге қатысты белгілі бір қиындықтар бар. Сондай-ақ, осы жоба аясында елордадағы 50 ғимараттан сынама алынды, олардың энергия тұтыну деңгейі талданды», - деді Александар Белый.

Оның айтуынша, 2010 жылдан кейін елордада салынған ғимараттардың 25 пайызы энергия тиімділігінің минималды сатысына да сай келмейді.

Александр Белый, сонымен бірге Нұр-Сұлтандағы ғимараттар орта есеппен Қазақстанда бекітілген нормативтерден екі есе көп энергия тұтынатынын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үйдің 1 шаршы метріне салынған 8 доллар - энергияны 9 пайыз үнемдеуге, шаршы метріне салынған 50 доллар - 41 пайыз үнемдеуге мүмкіндік береді.

БҰҰ ДБ менеджері атап өткендей, орталықтандырылған жылумен қамту аумағында шағын жаңғыртылатын энергия көздерінің, мысалы, күн панельдерінің пайдасы жоқ. Менеджердің айтуынша, Нұр-Сұлтандағы жылу энергиясы құнының төмендігі соншалық, жаңа үйлердің тұрғындары ғимараттың жылу жүйесін жаңғыртуға қызығушылық танытпайды.