15 қаз, 2019 сағат 10:01

Нұр-Сұлтанда жол ақысы қымбаттай ма?

Елордада қоғамдық көлік тарифін көтеру мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Бұл туралы бүгін «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сараланған тариф енгізілгеннен кейін тасымалдаушылардың табысы шамамен 40 пайызға артты. Сонымен қатар штат пен жалақының артуы есебінен шығын да өсті. Қосалқы бөлшектер сатып алып, жылжымалы құрамды тәртіпке келтірдік. Соған сай жазға және қысқа дайындық жүргізілді. Енді кіріс пен шығыс арасында айырма бюджет есебінен жабылуы тиіс. Егер бюджет мұндайға дайын болмаса, онда екінші нұсқа ретінде тарифті көтеру туралы айтуға болады. Бірақ әзірше біз тарифті көтеру жайында сөз қозғап отырған жоқпыз», - деді ол «Қоғамдық көлік: реформалар және даму жолдары» атты конференция аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта компания бір жылдағы жолаушылар тасымалына қатысты деректерді алған. Аталған деректер сараптамалық есептеулермен бірге тарифтік комииссияның қарауына енгізіліп отыр. Осыдан кейін бұл мәселе қоғамдық кеңесте, қалалық мәслихатта талқыланып, есеп айырысу тарифі қандай болуы керектігі анықталады.

«Бекітілген тарифті ауыстыру, яғни 90 теңгеден көтеру жайында сөз қозғалып отырған жоқ. Біз субсидиялау мүмкіндігі және автобус парктері алуы тиіс жетіспейтін қаражат жайында айтып отырмыз. Біздің есебімізге сәйкес, автобус парктеріне жылына 15,7 млрд теңге қажет. Жалпы, жыл соңына дейін 90 теңге деңгейінде бекітілген тарифтің көтерілмейтініне сенімдімін», - деді Б.Игенбердинов.

Оның атап өтуінше, келесі жылы қоғамдық көлік тарифтеріне қатысты мәселе талқыланады, бюджеттік мүмкіншіліктер қарастырылады.

«Содан кейін біз қалалықтарға қолайлы болатын қандай да бір жаңа тарифтік жоспар енгіземіз немесе бюджет өз баптарын қайта қарастырады. Өйткені, барлық бағдарлар анықталған. Бұған қоса, қаланың жартысы қоғамдық көлікпен жүреді. Сондықтан қазір наразылық толқынын туындатудың мәні де жоқ. Меніңше, әкімдікпен бірлесіп көңілге қонымды әрі оңтайлы шешім табамыз», - деді компания басшысы.