15 сәу, 2022 сағат 19:04

Нұр-Сұлтанда Жеңіс күніне орай отшашу болмайды

Фото:elements.envato.com

Нұр-Сұлтанда Жеңіс күні құрметіне отшашу болмайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Қалалық мәдениет басқармасының мәліметінше, отшашу жоспарланбаған", - деді әкімдіктегілер.

Қалалық әкімшіліктің мәліметінше, мамыр айындағы мерекелерде Астанада 40-тан астам іс-шара жоспарланған, оның ішінде 9 мамырда өтетін ірі іс-шаралар:

- "Даңқ гирляндаларын" қою рәсімі;

- Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою;

- Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін "Майдан хаттары" концерт-спектаклі;

- "Жастар" сарайының концерт залында өтетін "Соғыс жолдарымен" концерті;

- Жеңіс күніне арналған цирк бағдарламасы.

Сонымен қатар, 9 мамырда жалпы білім беретін мектеп оқушылары, ЖОО студенттері арасында жыл сайынғы дәстүрлі жеңілатлетикалық эстафета өтеді. Эстафета сағат 10:00-де Әлия Молдағұлова ескерткішінің жанында басталып, Жеңіс көшесінде аяқталады.

Аталған іс-шаралар барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелер талаптарының сақталуын ескере отырып, офлайн-форматта өтеді.

"Жаужүрек полкі" (Өшпес полк. – Ескерту) акциясы әлеуметтік желідегі "Жаужүрек полкі" бірыңғай ақпараттық платформасында онлайн режимінде өтеді деп жоспарланып отыр.