Нұр-Сұлтан қаласының Сығанақ көшесінде орналасқан "Көркем Tower" тұрғын үй кешенінде төтенше жағдай болды. Тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы пәтердің терезесіне мұнаралы кран құлады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлеуметтік желіде тараған видеодағы жағдайдың елордада болғанын қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растады.
«28 сәуір күні сағат 14.26-да Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының бөлімшелері 4 адам, бір техникадан жасақталған құраммен Сығанақ көшесі 2А мекенжайына шықты.
Оқиға орнына жеткен бойда 6-қабаттағы пәтердің терезесіне автокранның ілгегі құлағаны белгілі болды. Аталған орынға өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің мамандары жіберілді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - делінген хабарламада.