Елордалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов ауа-райының күрт нашарлауына байланысты қалада төтенше жағдай режимін енгізуді ұсынды, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Инженерлік құрылыс-жол техникасын жұмылдыру арқылы қаланың азаматтық қорғанысының аумақтық ішкі жүйесін төтенше жағдай режиміне ауыстыруды ұсынамын. Қаладан шығар жолдың барлығында жылыну пункттерін дайындау керек" - деді жедел штабтың отырысында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов.
Департаменттегі және қаланың төрт ауданындағы жедел штаб авариялық-құтқару және жедел жұмыстарды үйлестіру үшін таңғы 8-ден бастап жұмыс істей бастады.
Департаменттің кезекші қызметі жұмыстың күшейтілген түріне ауыстырылды, сондай-ақ Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментімен бірге өзара іс-қимыл жоспары енгізілді.
Халыққа қаладан тыс жерлерге шықпау, басшыларға қызметкерлердің жұмыс күнін қысқарту, биіктікте жұмыс істеуді тоқтата тұру ұсынылды.