Нұр-Сұлтанда Өзбекстан азаматы намаз уақыты кезінде ұрлық жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"22 жастағы мигрант елордаға маусым айының соңында келіп, мешітте ұрлық жасаған. Шетелдік азаматтың ұрлыққа байланысты алты дерекке қатысы бар, ұрланғандардың ішінде ақша мен ұялы телефондар болған.
Күдікті жасаған қылмыстарының бейнебақылау камераларына түсіп қалғанын білмеген. Бейнетаспалардан оның ұяшықтардан келушілердің сөмкелерін алып, ұрлық жасағанын көруге болады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында шетелдік азамат ұсталып, қамауға алынды. Жігіт кінәсін мойындады, полицейлер заттай айғақ ретінде төрт телефон тәркіледі" - делінген хабарламада.
Аталған фактіге байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ұйымдарға қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынады. Азаматтар сақ болып, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауы керек.