29 қаз, 2019 сағат 09:11

Нұр-Сұлтанда пәтерлер тек кезек бойынша беріледі – әкімнің кеңесшісі

Елордада кезектен тыс пәтерлер берілмейді. Бұл туралы қала әкімінің кеңесшісі Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Е.Бейсенбаевтың сөзінше, мессенджерлерде Нұр-Сұлтан қаласында пәтерлер кезексіз беріліп жатқаны туралы ақпарат тараған. Бірақ ол - шындыққа жанаспайды.

«Кезексіз пәтер беру қарастырылмаған. Әлеуметтік баспана кезекте тұрған азаматтарға заң шеңберінде және тек кезек бойынша беріледі», - делінген таратылған мәліметте.

Елорда әкімдігінің ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылдың ақпан айында мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасында коммуникативті ваккум қалыптасты. Бұл мәселені шешу үшін қалалық әкімшілік қоғамдық қабылдаулардың қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін концептуалды шараларды қабылдады. Онымен қоса, бүгінгі таңда әкімдіктің негізгі қызметі – халықпен кері байланысты нығайтып, азаматтық қоғаммен толыққанды өзара байланыс орнатуға бағытталған. Мәселен, елордада әлеуметтік желілерде «кері байланыс» орнатылып, «Жанұя» және iKomek орталықтары жұмыс істер тұр. Бұдан бөлек, әкімдік жанында қоғамдық қабылдау тиімді қызмет атқаруда.

«Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап әр апта сайын қала әкімі, оның орынбасарлары, аудан әкімдері мен мемлекеттік органдар басшылары тұрақты түрде азаматтарды қабылдайды. Атап айтқанда, әкімнің қоғамдық қабылдауы өз жұмысын бастаған 29 маусымнан бүгінге дейін А.Көлгінов 500-ден астам тұрғынды қабылдады. Онда 1347 өтінім бойынша мәселе көтеріліп, 89% кешіктірілмей шешімін тапты. Сондай-ақ орынбасарлары 1,4 мыңнан аса, аудан әкімдері мен басқарма басшылары 2,5 мыңнан аса елорда тұрғынын қабылдады», - деді Е.Бейсенбаев.

Тұрғындардан түсетін мәселелердің көбі тұрғын үй, білім, несиелік қарызын өтеу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, материалдық көмек, абаттандыру, ТКШ, жолдарға қатысты.

Екіншіден, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы 70-тен аса мемлекеттік қызметті біріктіріп, «бір терезе» қағидасы бойынша азаматтарға көмек көрсетеді. Ашылған күннен бастап оған 4,5 мыңнан аса адам жүгініп, 8,5 мың мәселе көтерді. Оның 6,5 мыңы бойынша жүйелі консультациялар беріліп, 2 мыңға жуығы шешімін тапты.

Үшіншіден, аудан әкімдіктерімен «Open Akimat» принципі енгізілді. Соның шеңберінде ашық есік күндері өткізіліп, елорданың 1 мыңнан астам тұрғыны қатысты.