12 там, 2022 сағат 13:48

Нұр-Сұлтанда Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды – фото

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Жаңа мешіт Қабанбай батыр даңғылы мен Мәңгілік Ел арасындағы аумақта, Хусейн бен Талал көшесі маңында орналасқан.

Көк түсті бас күмбездің биіктігі 83,2 метрге жуық, диаметрі 62 метр болады.

Hill International компаниясының менеджері Александр Артеменко мешіттегі күмбез құрылым түрі бойынша әлемдегі ең үлкен күмбез екенін айтты.

Төрт мұнара биіктігі - 130 метр. Әр мұнара бес бөліктен тұрады, олар исламның бес тірегі - иман, намаз, ораза, зекет және қажылықты бейнелейді. Сол қанаттағы бір мұнара келушілерге ашылды. Қонақтар лифтпен көтеріліп, көріністі тамашалай алады.


Мешіттің кіреберіс есігі әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірі саналады. Ол тропикалық Африкада өсетін ироко қатты ағашынан қолмен жасалған. Оның биіктігі - 12,4 метр, салмағы - бір жарым тонна. Есіктері қазақы өрнектермен безендірілген. Ал сыртқы қабырғаларында көгілдір фонға ақ араб өрме жазуы жазылған.

Мешіттің қабырғалары мен күмбезінің іші түрлі-түсті оюлар, өрнектер, Құран аяттары және дұғалармен безендірілген. Бірақ, негізінен, қазақ өрнектері салынған.

Араб каллиграфиясын қазақ шебері Асылбек Байзақұлы жазған.

Мешіттің ішкі есіктерінің биіктігі - 12 метр, терезелері түрлі-түсті ою-өрнектермен безендерілген әйнектен жасалған.

Құбыла жақтағы қабырғада Алланың 99 есімі қашалған. Мозаика қабырғаның ұзындығы - 100 метр, биіктігі - 22,4 метр. Мозаика түрлі түсті 25 миллион әйнектен құралған. 

Үлкен зал мен әйелдер намаз оқитын жер толығымен қазақы ою-өрнектермен көмкерілген. Кілемнің жалпы ауданы 15 525 шаршы метр. Бұл - әлемдегі қолдан жасалған ең үлкен кілем. Кілемнің қалыңдығы - 15 миллиметр. Ол Жаңа Зеландияда 100 пайыз жүннен тоқылған.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

"Бүгін қасиетті жұмада елордамызда керемет мешітті ашып жатырмыз. Бұл барша мұсылман тұрғындарымыз үшін маңызды оқиға. (...) Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің барлық аймағында мешіттер ашылып жатыр. Алла Тағала осы мешіттерде оқылған дұғаларды қабыл етсін. 2019 жылдың наурызында Мемлекет басшысы ретіндегі өкілетімді тоқтатпас бұрын осы мешіттің алғашқы кірпішін қалаған болатынмын... Тәуелсіз мемлекетіміздің көркейе беруін тілейміз. Бұл мұсылмандық парыз, Отан алдындағы перзенттік парыз еді. Жаңа Тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы еңбегімді Алла жарылқады деп ойлаймын", - деді Назарбаев.

Мешіт орналасқан жер телімінің ауданы 10 гектарды құрайды. Жалпы ауданы 68 ​​062 шаршы метрге жетеді. Ғимараттың айналасында үлкен саябақ бар.

Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орынға арналған банкет залы, 405 орынға арналған жабық автотұрақ, вестибюль, дәретхана, техникалық және діни қызмет көрсететін орын, құрбандық шалатын орын және басқа да үй-жайлар бар.

Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек оқу сыныптары, мәжіліс залы, неке залы, Құран оқу залы, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, музей және техникалық бөлмелер бар.

Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни осынша адам қатарға тұрып, бір уақытта намаз оқи алады.

Ғимараттың ашық алаңында шамамен 200 000 адам жайғаса алады. Залдарда бір мезгілде 30 000 ер адам мен 5 000 әйел намаз оқи алады.

Мешіттің сыйымдылығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық бас мешіт әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына кіреді.

Оның ашылуына премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, Жамбыл облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов, экс-депутат Қуаныш Сұлтанов, BI-Group холдингі басшысы Айдын Рахымбаев және басқа да танымал тұлғалар қатысты.

Сурттер: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов