03 қыр, 2022 сағат 19:33

Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйден жас әйелдің мәйіті табылды


Нұр-Сұлтанда жас әйелдің мәйіті табылды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

102 пультіне Әуезов көшесіндегі үйдің тұрғынынан баспалдақ алаңында қанталаған әйелдің жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген полицейлер дене жарақаттары бар 34 жастағы әйелдің мәйітін тапқан.

Елордалық жедел уәкілдердің тексерісі барысында бір тәулік ішінде Ақмола облысының аумағында 37 жастағы күдікті ұсталды.

Анықталғандай, ер адам бір күн бұрын аулада жас әйелмен танысып, бос уақытын өткізу үшін оны пәтеріне шақырған. Отырыс барысында күдікті мен қонақтың арасында жанжал туындап, ер адам спорттық зілтемірден металл белтемірді алып, жәбірленушінің денесіне бірнеше рет соққы жасаған. Әйелдің есінен танып бара жатқанын көрген ол оны пәтерден алып шығып, баспалдақ алаңында қалдырған.

Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.