17 нау, 2020 сағат 16:41

Нұр-Сұлтанда қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды

Нұр-Сұлтаннан шығатын қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантин енгізуді ұсындық. Бүгін Премьер-Министрдің төрағалығымен мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысының қорытындысына сәйкес, 2020 жылдың 19 наурызында сағат 00.00-ден бастап елорда аумағыда карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл дегеніміз - шектеу мен бақылау шаралары қауіпсіздік мақсатында күшейтіледі. Мысалы, автовокзалдарда қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды», - деді Алтай Көлгінов. 

Оның айтуынша, елорда аумағына кіріп-шығатын жерлерде шектеу қойылады. Көліктің барлық түрлері кіріп-шығатын жерлерде коронавирус инфекциясын жұқтырды деп күдік келтірілген немесе жұқтырған адамдарды анықтауға арналған қосымша бекеттер орнатылады. 

«Карантин мен коменданттық сағатты шатастырмауға шақырамыз. Себебі, карантин - ол шектеу қою. Яғни, қажет болмаған жағдайда адамдар көп шоғырланған жерлерге азаматтардың баруына шектеу қойылады. Ең алдымен, тәртіпке, одан кейін біздің нұсқауларымызды, Денсаулық сақтау министрінің нұсқауын қатаң ұстануға шақырамыз», - деді ол. 

Айта кетейік, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин енгізіледі.