03 қыр, 2019 сағат 15:38

Нұр-Сұлтанда екінші индустриялық парк құрылады

Елордада екінші индустриялық парк үшін 400 гектар жер телімі бөлінеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Президент Жолдауын талқылау бойынша қала активінің кездесуінде мәлімдеді. 

«Мемлекет басшысы ел экономикасын дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Нұр-Сұлтан – Қазақстан экономикасындағы көшбасшы қалалардың бірі. Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсектіштердің тұрақты өсімі байқалады. Дегенмен, артта қалып қойған көрсеткіштермен де жұмыс істеу керек. Алғашқы тоқсанда жалпы өңірлік өнім көлемі 1,2 триллион теңгені құрады. 7 айдың қорытындысы бойынша, өндірістік өнім көлемі 17,5%, оның ішінде өңделген өнімдер - 16% артқан. Сонымен бірге, құрылыс жұмыстарының көлемі, баспана беру, негізгі капиталға инвестиция тартуда артта қалып келеміз. Жыл соңына дейін осы мәселелерді реттеу керек», - деді А. Көлгінов.

Оның айтуынша, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын дамыту мен қолайлы бизнес ахуал құру ерекше маңызды. №2 индустриялық паркті құру жұмыстары басталып кетті.

«Бірінші парк іс жүзінде толды. Жақын арада екінші индустриялық паркке 400 гектар жер телімін бөлу жөнінде әкімдік қаулысы шығады. Оның орны анықталған», - деді әкім.