Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы қала дүкендері мен базарларында қант бағасының түрлі бағамен сатылып жатқанына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚазАқпараттың әлеуметтік желідегі парақшаларына астаналық интернет қолданушылардан қант бағасы 510 теңгеге дейін күрт қымбаттағаны туралы мәліметтер келіп түскен болатын. Бұл деректерді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына жолдағанымызда мынадай жауап алдық.
«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі N544 Заңына сәйкес, тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеу бойынша шаралар қабылдайды.
Қанттың бағасын тұрақтандыру үшін айналым тетігі аясында қарыздар берілген. Мысалы, Магнум желілерінде мамыр айына дейін қанттың бір келісі 319 теңге болады, ал «Астықжан», «Вкусмарт», «Аян», «Шапағат», «Анвар», «Фермаг» дүкендерінде қазан айына дейін 320 теңге тұратын болады. Айналым тетігі бойынша қарыз алып, бағаны тұрақтандырып отырған кәсіпкерлердің сауда нүктелерінде қант бағасы көтерілмейді. Жасасқан шартта осы бағалар көрсетілген. Сондықтан тұрақтандыру қоры бағасын ұстап тұрған тауарлардың құнына сыртқы факторлар әсер етпейді», - деп жазылған түсіндірмеде.
Тұрақтандыру қоры астана бойынша қандай тауарларға, қай нүктелерде бағаны ұстап тұрғанын білу үшін мына сілтеме арқылы тізіммен танысуға болады.
«Егер сізде бағаның көтерілуіне қатысты ақпарат болса, сауда нысанын, оның мекенжайын, тауар маркасын мен бағасын көрсете отырып, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне жазбаша өтінішпен, сондай-ақ мына байланыс телефондары арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: 55-68- 99, 55-69-78. Сіздің өтінішіңіздің негізінде тексеріс жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының монополияға қарсы департаментінің аймақтық бөлімшесіне хабарласа аласыз», - деп жазады әкімдік мамандары.
Дегенмен, тұрғындардың бізге жолдаған шағымы негізінде «Әсем» базарындағы сауда нүктелерінің бірінің иесіне айыппұл тағайындалғаны мәлім болды. Бұл туралы базар директоры Нұрлан Нұрмағамбетов ҚазАқпарат тілшісіне айтты.
«Ол шағымдар бойынша сауда нүктелерінің иелерімен жұмыс жүргіздік. Бір нүктенің иесі қантты жеткізушіден 420 теңгеден алып, 500 теңгеден сатқан. Оған шара қолдандық. Өздері де елдің қантқа сұранысы артқандықтан алыпсатарлардан қымбатқа алғанын айтып ақталды. Сонда да айыппұл салдық. Базардағы ішкі ереже бойынша ондай айыппұлдың бағасы – 3 мың теңге.
Қазір өзім базарда жүрмін. Қант сатылып жатқан жоқ. Себебі қант жоқ. Бүгін басқа тауарлар бойынша да сауда нүктелерін аралап, қарап шықтым. Әлеуметтік маңызы бар тауар саналатын 19 аталым бойынша 15 пайыздан артық үстеме баға қосқан деректер кездеспеді. Баға көтеру талабын 3 реттен артық бұзғандармен келісімшартты үземіз. Сондықтан кез келген шағымды тексеруге дайынбыз», - дейді базардың директоры.