16 мам, 2022 сағат 21:07

Нұр-Сұлтанда балабақшадағы 4 бүлдіршін құрылыс алаңына қашып кеткен


Елордалық білім басқармасы балабақша бөбектерінің құрылыс алаңына қашып кеткені үшін тәрбиеші мен меңгерушіні жауапқа тартты, деп хабаралйды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желіде №73 «Аяулым» бөбекжай-балабақшасы» МКҚК жанындағы құрылыс алаңында 4 бала жүргені туралы бейнематериал тарады. Аталған факті бойынша білім басқармасы №73 «Аяулым» балабақшасына барып қызметтік тексеру жүргізді», - деп жауап берді қалалық білім басқармасы.

Тексеру барысында балабақша меңгерушісі Х. Д. Тайбөкеновамен әңгіме жүргізіліп, түсіндірме жазба алынған. 

Төрт баланың серуен кезінде балабақша аумағынан қашып кеткені анықталды. 

Балалар қоршаудағы кішкене тесік арқылы шығып кеткен. Аз уақытта балалар кері қайтарылған.

«Қазіргі уақытта балалар бақшада, олардың жағдайы бірқалыпты. Балабақшаның медицина қызметкері тексеру жүргізді. Бүлдіршіндердің денесінен ешқандай жарақат табылған жоқ. Өз лауазымдық міндеттеріне немқұрайлы қарау фактісі бойынша тәрбиеші мен шаруашылық бөлімінің меңгерушісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Балабақша меңгерушісіне қатысты білім басқармасының тәртіптік комиссиясының отырысында қарау үшін материал дайындалды», - дейді білім басқармасы.