22 мам, 2022 сағат 14:25

Нұр-Сұлтанда автобустың ішінде қызға тиіскен ер адам қамауға алынды


Елорда тұрғыны автобус салонында кәмелет жасқа толмаған қызға тиіскені үшін он тәулікке қамалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, 19 мамырда кешкі сағат 20:12 кезінде Сарыарқа аудандық полиция басқармасына автобусқа мінген ер адам туралы ақпарат түсті. Ол кәмелет жасқа толмаған қыздың қыр соңынан қалмай, тиіскен. Тәртіп сақшылары бірден іздестіру шараларына кірісіп, көп ұзамай 33 жастағы ер адамды ұстады.

"Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша хаттама рәсімделді. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ол 10 тәулікке қамалды", - дейді полицейлер.

Департамент мамандары заңсыз әрекеттер бойынша бірден "102"-ге хабарласуға кеңес берді.

Айта кетері, 434-бапта ұсақ бұзақылық үшін жаза қарастырылған. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады. Ал бұл әрекеттер бір жылда қайталанса, 15 тәулікке жауып тастайды.