Елордада «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау Съезі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қайта құрылғанына 4 жыл өтті . Бұл біздің партиямыз үшін тағдыршешті кезең болды. Бәзбіреулер саяси аренадағы алғашқы қадамымызға күмәнмен қарады. «Ауыл» партиясының болашағына сенбегендер де болды. Алайда біздің партиямыз сөзімен ғана емес, ісімен де өзінің саяси әлеуетін, ерік-жігерін таныта білді. Ең бастысы біз өзіміздің қоғамға аса қажетті саяси құрылым екенімізді дәлелдік. Әрине, мұнда «Ауыл» партиясының әрбір мүшесінің үлесі бар екенін мақтанышпен айта аламыз», - деді партия төрағасы Әли Бектаев съездің ашылуында.
Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы, ҚР Ұлттық экономика, ҚР Білім және ғылым, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау, ҚР Мәдениет және спорт және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлері және вице-министрлері келді.
Съезд бағдарламасында «Ауыл» ХДПП Саяси кеңесінің 2015-2019 жылдары атқарған жұмыстарының есебі бойынша баяндама оқылады. Онда партияның бағдарламалық мақсаттарын орындаудағы қызметі, атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылады, партияның өңірлік филиалдарының жергілікті жерлердегі агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік сала, ғылым және өндіріс мәселелері бойынша жұмыстары қызу талқыланатын болады.
Съезд делегаттары партияның бірнеше жаңа бастамаларын талқылайды деп жоспарланған.
Съезд жұмысы аясында партияның Төрағасы сайланып, Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітіледі және партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.
Айта кетейік, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы осыдан төрт жыл бұрын Қазақстан социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан патриоттар партиясының біріктірілуі нәтижесінде құрылды. Қазіргі таңда еліміздің 14 облысы және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы Шымкент сынды 3 қаласында саяси ұйымның 17 филиалы жұмыс істейді. Бұдан бөлек 188 қалалық және аудандық партия ұйымдарында 500 бастауыш партия ұйымдары бар. Партияның міндеті: фермерлер мен ауыл еңбеккерлерінің, барша қазақстандықтардың мүдделерін білдіру.
Соңғы ақпарат бойынша партияның 298 мыңнан астам мүшесі бар. Партия жақтастарының қатары күннен күнге артып келеді. Соңғы жылдары партияға 43 мыңнан астам адам мүшелікке өтті.