Нұр-Сұлтан емханаларындағы жоспарлы қабылдаулар кейінгі шегеріледі. Бұл туралы «Qazaqstan» телеарнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төтенше жағдайға байланысты дәрігерлердің барлығы жұмылдырылды. Яғни, кезек-кезекпен жұмыс істейді. Министрлік тарапына оларға көп жағдай жасалып жатыр. Олар майданның алдыңғы шебінде жүргендіктен жағдай жасау керек. Күн тәртібі де өзгерді. Төрт кезектен жұмыс істеуде. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына дәрігерлер шақырылуда», - деді Диас Ахметшәріп.
Оның атап өтуінше, өңірлерде дәрігерлер жеткілікті. Вирус тараған кезде қалай жұмыс істеу керектігін біледі.
«Дәрігерлердің барлығы - білікті мамандар. Соған қарамастан күшейтіп жатырмыз. Әзірше екі қалада ғана анықталып отыр. Басқа Қазақстанның қалаларына таралмауын тілейміз. Министрлік тарапынан дәрігерлерге толыққанды қолдау бар, ынталандырып жатырмыз. Министрдің қаулысы бар. Осындай жағдайда жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге 2-3 ай бойы жалақысын 2-3 есе көтеру мәселесі штабта қарастырылып жатыр», - деді ресми өкіл.