ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин талаптарын күшейту туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Науқастар санының артуы – карантинді күшейту немесе жұмсартудың жалғыз факторы емес. Алматы облысын алып қарасақ, бір апта ішінде ауру өсімі 7% асты, сондықтан карантин күшейтілді. Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы көрсеткіш 7% төмен. Бірақ соңғы аптадағы оқиғалардың 30% осы қалаларға тиесілі. ТЖ режимінен кейін ашылған нысандардың жұмысын тексеретін мониторингтік топ нысандардың 53% ереже бұзғанын көрсетті», - деді Бас санитарлық дәрігер Facebook-те өткен онлайн-брифингте.
Айжан Есмағамбетова карантинді күшейтуде немесе жеңілдетуде қандай алғышарттар ескерілетінін түсіндірді.
«Мұнда сырқаттану өсімі ғана емес, 1 адамның қанша адамға вирус таратқаны, халықтың алдын алу шараларын қалай ұстанғаны да есептеледі. Нысандарға қойылатын талап бойынша 40-тан астам алгоритм бар. Егер барлығымыз бірігіп шара қолданбасақ, қайтадан күшейтілген карантинге түсуіміз мүмкін. Біз нысан келушілері болып та саналамыз. Теңгерімді сақтау ғана карантинді күшейтуден сақтайды. Негізгі гигиена талаптарын сақтауға артық күштің де қажеті жоқ», - деді А. Есмағамбетова.