18 нау, 2020 сағат 11:13

Нұр-Сұлтан мен Алматыда балабақшалар жұмысын тоқтатады

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин енгізілуіне байланысты балабақшалар жұмысын тоқтатады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жұмысшыларды ақылы еңбек демалысына жіберу қажет. Бүгінгі таңда барлық мекемелерді осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз. Кез келген жұмыс істейтін азамат жылына бір рет ақылы еңбек демалысына шығады. Ол кесте бойынша жасалады және Еңбек кодексіне сәйкес кестеден де тыс берілуі мүмкін. Сондықтан бүкіл мекеме, ұйымдарды, жұмыс берушілерді мүмкін болса осы күндері жұмысшылардың жұмыс орнын, табысын сақтау мақсатында ақылы еңбек демалысына жіберуді сұраймыз», - деді министр.

Сонымен қатар ол ең бірінші кезекте үйінде баласы бар ата-аналарды ақылы еңбек демалысына жіберу қажеттігін баса айтты. 

«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин енгізілуіне байланысты балабақшалардың да жұмысы тоқтатылады. Бұл жағдайда кеше Білім және ғылым министрлігі тарапынан барлық мемлекеттік балабақшаларға жұмысшыларын еңбек демалысына жіберу туралы талап қойылды. Мұндай мүмкіндікті басқа жекеменшік балабақшаларға да қолдануды ұсынар едік», - деді Біржан Нұрымбетов.