19 нау, 2020 сағат 09:52

Нұр-Сұлтан қаласына кіріп-шығуға әлі 72 сағат уақыт бар - әкімдік

Нұр-Сұлтан қаласына кіруге немесе шығуға әзірше уақыт бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралуын болдырмау және инфекция бойынша ағымдағы жағдайға арналған баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қалаға кіріп-шығуға әзірше уақыт бар. Алдағы 72 сағат авиа және темір жол қатынастары арқылы қаладан кетуге немесе қалаға келуге мүмкіндік беріліп отыр. Осы жылдың 22 наурызынан бастап барлық санаттағы тұрғындарға қала аумағынан шығуға және қала аумағына кіруге толық шектеу қойылады. Кез келген көлік қатынастарының транзиттік тамысалдаулары Нұр-Сұлтан қаласы аумағына тоқталмай жүргізіледі, яғни жолаушылар пойыздары қала арқылы өтеді, бірақ тоқтамайды. Қала аумағын басып өтетін немесе азық-түлік тасымалдайтын көліктер арнайы жасыл дәлізбен ғана қатынайды», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен. 

Оның айтуынша, аталған шарттардың орындалуы үшін бірқатар талаптар күшейтіледі.

«Біріншіден, инфекцияның таралуына жол бермеу үшін арнайы өңірлік жедел штабы күрделі жұмыс атқарып жатыр. Ол тәулік бойы қызмет етеді. Екіншіден, төтенше жағдай кезінде карантинге сәйкес халық пен шаруашылық субъектілерінің қызметін реттеу үшін қалалық штабтың арнайы шешімі қабылданды. Үшіншіден, карантин жағдайында қалалық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы іс-шаралар жоспары іске асуда. Қосымша азық-түлік тауарларын жеткізу мәселесі өңірлермен бірлесіп отырып шешілді. Қазіргі таңда халыққа ең бірінші қажетті әлеуметтік және тұтынушылық тауарлар қоры жеткілікті. Сауда үйлері мен қоймаларда артық көлемде қор жинақталған. Төртіншіден, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті шараларына сәйкес, «А» және «Б» жоспарындағы іс-қимыл алгоритміне сәйкес корнавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен байланыста болған тұлғаларға арнайы жататын орындары мен карантин стационарлары кеңейтілді. Егер «С» жоспарына сәйкес болатын болса, қосымша жататын орындарды қала бойынша жасақтадық. Бесіншіден, фармацевтика қауымдастығы және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасындағы бағаны реттеу бойынша, сондай-ақ дәрігерлік және медициналық тауарларды жеткізу бойынша өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз», - дейді ол.