19 қаз, 2019 сағат 09:39

Нұр-Сұлтан қаласына газ қосылу жоспары белгілі болды

Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы аясында қалада атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінен.

«Қаланы газдандыру үш кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда бірінші кезең бойынша құбырларды тарту мен газреттегіш пункттердің дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның алғашқы кезегінде ЖЭО-1, 2, 3, «Көктал-1, 2» тұрғын алаптары, Агроқалашық, Теміржолшылар кенті, Оңтүстік-Шығыс (оң және сол жақ беті) шағынауданына дейін газреттегіш желілерге газ беру жоспарланып отыр. Үйлердің саны 13,5 мыңды құрайды» делінген Нұр-Сұлтан әкімдігінің ақпаратында.

Келесі кезең бойынша Мичурино, Интернационалды, Күйгенжар (1-2 ПК), Тельман (3-ші ПК), Қаламаңы кенті, Garden Village және Family Village-ге (4-ші ПК) газ тартылады.

Үшінші кезекте Ильинка (1-2-ші ПК), Шұбар (3-ПК), Өндіріс (4-ші ПК) тұрғын алаптары газдандырылатын болады.

«Газ жүргізу – қалаға зиянды қалдықтардың шығарылуын 6 есеге, қатты қалдықтарды 40 мың тоннаға дейін азайтуға септігін тигізеді» деді әкімдіктен.