28 там, 2019 сағат 15:23

«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Open space» форматына көшеді

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы саяси ұйымның Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында өз құзіретінде облыс көлемінде шешімін таппаған өзекті мәселелерді шешуге атсалысады.  Бұл туралы бүгін Түркістанда өткен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңес мәжілісінде партия филиалы Төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Партияның жеті бағыты бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған өңір басшысы «Nur Otan» партиясының халыққа жақын болуы үшін барынша ашық форматқа көшуді тапсырды.

«Партия ашық болуы тиіс. Оның ғимаратына әр адам еркін кіруі тиіс. Осы орайда облыстағы жобалық кеңсемен бірге «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы «Open space» форматымен жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін басқа ғимаратқа көшеді. Мен өзім осы ашық алаңға келіп, партиямен бірге халықпен жиі кездесетін боламын», - деді Өмірзақ  Шөкеев.

Жиында баяндама жасаған партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев облыстағы бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, демографиялық өсімі ең жоғары Түркістан облысында 2 миллионға жуық тұрғынның 464 033 мыңы – оқушы балалар. Осы балалардың жан-жақты дамуына, құқығының қорғалуына жауаптылықты күшейту керек. Алайда білім беру ұйымдарында өткізіліп жатқан ауқымды шараларға қарамастан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейі төмендемеуде.

«Бүгінгі бала – ертеңгі қоғам мүшесі, мемлекетті қалыптастыратын тұлға» деп қарасақ, балалардың құқығын сақтауды барлығымыз осындай алқа отырыстарында ашық талқылап іске асырсақ, болашақ ұрпақтың зорлық-зомбылыққа ұшырамасы анық. Осы мақсатта отбасы институтын қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы аясында партияның облыстық, аудандық, қалалық филиалдары жанынан «Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі мониторинг жүргізу және қоғамдық бақылау топтары» құрылып, біршама жұмыстар атқарылды және облыс бойынша өмірлік қиын жағдайдағы көпбалалы отбасыларға мониторинг жүргізілуде», - деді Бейсен Тәжібаев.

Партия мүшелері бас қосқан жиында жұмыссыздық мәселесі де сөз болды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2019 жылы 71 828 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 43 296 адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан, бұл халықтың небәрі 60,2%-ын құрап отыр. Сондай-ақ Шардара, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында ауылдың ішкі жолдары мен республикалық маңызы бар трассалардың сапасы сын көтермейді.  Аталған 5 ауданның халық саны 700 мыңға жуықтаса, олардың өмірі тікелей жолмен тығыз байланысты. Статистикаға сүйенсек, жол нашарлығынан 2019 жылдың алғашқы 7 айында 117 жол-көлік оқиғасында 16 адам көз жұмған. Бұл дегеніміз «Nur Otan» партиясының еліміздегі инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» ұлттық жобасының өз дәрежесінде іске аспай отырғандығын аңғартады.

  

 

«Шекаралас аумақтағы стратегиялық маңызы бар осы аудандардағы жолдардың сапасын жақсартатын кез жетті. Бұл – ел тілегі. Сондықтан аталған аудандардың жолдарын жаңартуды және осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін партияның XVIII Съезінде қабылдаған «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында партиялық бақылауды күшейтуді ұсынамыз», - деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 

Сонымен қатар, қазіргі таңда әлеуметтің өзекті тақырыбына айналған атаулы әлеуметтік көмекті алудағы заңсыздықтар да сөз болды. «Е-Халық» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 1000-ға жуық отбасы табысы төмен және мұқтаж отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін өздерінің нақты табысын жасырған. Осыған байланысты рұқсатсыз төленген төлемдерді қайтару және қайта қарау, заңбұзушылықтардың алдыналу бойынша әрбір анықталған фактіге сәйкес жеке-жеке жұмыс жүргізілуде», - деді Бейсен Тәжібаев.

Жиын қорытындысында  партия филиалы азаматтардан келіп-түскен арыз-өтініштерді дер кезінде қарап, оларды заң аясында оңтайлы шешу мақсатында апта сайын тақырыптық қоғамдық қабылдаулар өткізуді келісті. Облыстық партия филиалының ғимаратындағы  қабылдауларға  мемлекеттік орган басшыларының қатысып,  әлеуметтік желілерде, тікелей эфирде көрсетілетін  болды.