06 жел, 2017 сағат 07:19

«Нұр Отан» партиясының ОҚО-дағы филиалы қамқорлық шарасына ұйытқы болды

Еліміз Тұңғыш Президент күнін атап өтті. Мерекеге орай «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы қамқорлық шарасына ұйытқы болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қарауында мүгедек балалары бар 30 анаға «нұротандықтар» «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында сый-сыяпат жасап, құрмет көрсетті.

– Елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін атап өту, оны халықтық мерекеге айналдыру ұлттың мерейін өсіреді. Бұл - жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі, ұлының ұлағаты, – деді «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов.

Ол мүмкіндігі шектеулі балаларын бағып-қағып отырған ардақты аналарға зор денсаулық, таусылмас күш-қуат тіледі. Маңыздысы - мерекелік жиынға келген аналар дөңгелек үстел басында Н.Жолдасовқа әлеуметтік көмек тағайындау, қоғамдық көліктегі жеңілдіктер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша сұрақтарын қойды. Партиялықтар сауалдарға толыққанды жауап беріп, олардың ұсыныс-тілектерін қабылдады.

«Нұр Отан» партиясының - «Кедергісіз келешек» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталғаны аян. Аталған жобаны төрт бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған: мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу; мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісі жоқ жағдай жасау; қоғам мен бизнестің назарын мүгедектердің мәселесіне аударуға бағытталған тұрғындарды ақпараттандыру жұмысын күшейту; мүгедектердің құқығын тиімді жүзеге асыратын құқықтық алаң құру.