14 там, 2019 сағат 14:39

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды

Саяси кеңестің аймақтық бюросының ұсынысымен «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Мұқаев тағайындалды. Ол бұл тағайындауға дейін Орал қаласының әкімі болып жұмыс істеді.

Бұған дейін «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыстық филиалдың барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялармен жұмысын айтарлықтай күшейту керектігін айтқан болатын.

– Қазіргі таңда партияның алдында тұрған ең басты мәселе – халықтың сенімі. Біз өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешу үшін депутаттармен өзара жұмыс істеу барысын қайта қарап, күшейтуіміз қажет. Бүгінде аймақтардағы фракциялардың жұмысы кейбір жағдайда уақыт талаптарына сай келмейді. Партиялық бақылау жүйесі арқылы атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру керек. Халықтан келіп түскен өтініштердің ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс. Бірінші жартыжылдықта филиалда қала әкімі орынбасарларының азаматтарды қабылдауы өтпеген, – деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны қайта жандандыру және кадрларды жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұған дейін Ерлан Каналимов Нұр-Сұлтан қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сондай-ақ, жұмысына байланысты атына көптеген арыз-шағымдар түскен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.