Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Ақмола облысының Аршалы ауданына барып, аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Партияның мұрындық болуымен ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға қатысқан Мәулен Әшімбаев бүлдіршіндерге сый-сияпаттар тарту етіп, қуаныштарымен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Іс-шара «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өткізілді. Оған Аршалы ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары қатысты. – Бүгінде Елбасымыздың тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сапалы білім алуына, олардың жұмыспен қамтылып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына және елімізде кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз. Қазіргі таңда осы бағыттар бойынша көптеген тың идеялар жүзеге асырылып жатыр. Аталған жұмыстар тек орталық деңгейде емес, ауыл-аймақтарда да сәтті іске асырылуда. Біздің бүгінгі мерекелік іс-шарамыз соның жарқын көрінісі, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары барша қатысушыларды мерекемен құттықтап, жаңа жылда әр отбасының шаттыққа кенелуін тілектестігін білдірді. – Келер жыл баршаңызға жаңа жеңістер мен жетістіктер алып келсін. Алдағы жылда әр қазақстандық отбасы тек шаттық пен қуанышқа кенеліп, әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жаңа жылда арман-мақсаттарыңызға жетіп, биіктерден көріне беріңіздер, – деді Мәулен Әшімбаев.
Осындай керемет кештің өткізілгеніне және балаларының нағыз мерекелік көңіл-күйге бөленгеніне ерекше қуанған ата-аналар «Нұр Отан» партиясына айрықша алғыстарын жеткізді. – Жаңа жыл әр бала үшін жыл бойы күтетін мереке. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мұндай іс-шаралардың жөні мүлдем бөлек. Бүгін баламның жүзінен күлкі үйіріліп, ел қатарлы жаңа жылдық шыршаға қатысқаны үшін ерекше қуаныштымын. Осындай игі іс үшін Елбасы партиясына алғысымыз шексіз. Оның үстіне, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының Астанадан арнайы келіп, балаларымызды құттықтауы ата-аналар үшін де үлкен қуаныш болды, – дейді баласын мерекелік іс-шараға алып келген ата-аналардың бірі Нұржамал Қожабекова.