18 қар, 2021 сағат 20:22

«Nur Otan» алғашқы 10 айдағы сайлауалды уәделерін қалай жүзеге асырды?


«Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған әрбір өңір, қала және аудан үшін дайындалған 217 жол картасы аясында сайлауалды уәделерді іске асырудың 10 айдағы аралық қорытындылары туралы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарлама аясында өңірлерде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй, 59 мың орындық 165 мектеп, 28,5 мың орындық 354 балабақша, сондай-ақ 6,7 мың адам қабылдайтын 44 медициналық нысан пайдалануға берілді. 248 кәсіпорын ашылып, 1 триллион теңгеден астам инвестиция салынды. 315 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Мәселен, Маңғыстау облысының Қызылсай ауылында заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған дәрігерлік амбулатория ашылды. Енді емделушілер ультрадыбыстық, рентген, стоматология және зертхана қызметтерін пайдалана алады. Барлығы 40-тан астам арнайы кабинет жұмыс істейді.

Түркістан облысында облыстық маңызы бар «Көксаек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автомобиль жолы пайдалануға берілді. Мұнда 14,8 км жол жөнделіп, қайта салынса, ал 7,7 км жолға асфальт-бетон жабыны төселді. Елді мекендердің ішінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы 10 км тротуар төселді.

Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында теннис корты мен баскетбол алаңының аумағын абаттандыру жұмыстар жүргізілді. Сайлау науқаны кезінде жастардан көптеген ұсыныстар келіп түскенін ескере отырып, аталған мәселе партияның қалалық сайлауалды бағдарламасына арнайы тармақ ретінде енгізілген еді.

Алматы облысының Бақанас ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асатын ғимаратта күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Нысан барлық қажетті спорттық керек-жарақтармен толықтай жабдықталған.

Еске сала кетейік, «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделері аясында 2025 жылға дейін 1 млн отбасы үшін 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3,5 мың ауыл мен 5 мың мектеп жаңғыртылады. 25 мың шақырым республикалық және 27 мың шақырым жергілікті жолдар салу және қайта жаңарту көзделіп отыр. 

Әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеуге 3 триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің 5%-ына дейін жеткізіледі. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100%мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады.