02 сәу, 2022 сағат 15:11

Ноғаев: Тұрғындардың барлық мәселесі қолданыстағы заңнама аясында шешілетін болады


Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласына барған жұмыс сапарының үшінші күні қала тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Есеп беру кездесуінде Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибагаров 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, 2022 жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде жиналғандарды өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етіп, олардың сұрақтарына жауап берді, ұсыныстарын тыңдады.

Кездесуде қала тұрғындары жұмыспен қамту, ауыз су тапшылығы, медицина саласындағы кадр тапшылығы, ескі көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту және қоғамдық көліктердің санын арттыру бойынша мәселелерді көтерді. 


Нұрлан Ноғаев өңірде азаматтарды түрлі салаларда жұмысқа орналастыруға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарлама бар екенін атап өтті. Алайда көпшілік мұнай-газ саласына ғана жұмысқа орналастыруды сұрады. 

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік органдар жұмысының басты қағидаты әділеттілік пен ашықтық болып табылатынын атап өтті. Халықтың туындаған барлық мәселелесін біз құқықтық салада, қолданыстағы заңнама аясында шешетін боламыз. Бұл еңбек дауларына да, жұмысқа орналасу мәселелеріне де қатысты. Менің жеке қабылдауыма келген тұрғындар өздерін немесе отбасы мүшелерін мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру бойынша өтініш білдіреді. Мен қолданыстағы алгоритмді аттап өтіп, кезектен тыс жұмысқа тұрғыза алмаймын, жұмыспен қамту орталығын айналып өте алмаймын. Себебі, бұл жұмысқа орналасу кезегінде тұрған азаматтарға әділетсіз болады. Біздің басты міндетіміз - өзекті мәселелердің жүйелі шешімін табу. Барлық облыс тұрғынын мұнай - газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес екендігін түсіну маңызды. Сондықтан біз түрлі бейіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыс орындарын құру бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Біз бірлесіп қана жаңа Қазақстанды құра алатынымызды атап өткім келеді, - деді Нұрлан Ноғаев.


Есептік кездесу аяқталғаннан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады. 

2022 жылдың есебі бойынша Жаңаөзенде 159 мың адам тіркелген.  Оның 77 мыңы Теңге, Қызылсай, Рахат, Кендірлі ауылдарында тұрады. Денсаулық сақтау саласында 10 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның ішінде: 3 емхана, 1 көп бейінді аурухана, 2 дәрігерлік амбулатория, жедел және шұғыл жәрдем станциясы бөлімшесі және 3 жеке меншік ұйым.

Бүгінде қалада 86 дәрігер маманы жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселені шешу үшін республика көлеміндегі медициналық жоғарғы оқу орындарымен келіссөз жүргізіліп, түлектер жәрмеңкелеріне қатысып, мектеп бітірушілердің арасында білікті, тәжірибелі дәрігерлермен профориентациялық жұмыстар ұйымдастырылуда.


Жаңаөзен қаласына ауыз су тәулігіне орташа 30 мың текше метр көлемінде берілуде. Жаз айларында ауыз су қажеттілігі 42 - 45 мың текше метрге дейін жетеді. Демек, ауыз су тапшылығы орташа тәулігіне 10 - 12 мың текше метрді құрайды. Осы ауыз су тапшылығын шешу мақсатында:

- Кешенді жоспар аясында, «Кендірлі демалыс аймағының ауданында магистралдық құбыры бар, қуаты тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұшыту зауытын салу» жобасы іске асырылуда.

Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Теңге және Рахат ауылдарындағы аяқталмаған жер учаскелерінің инженерлік желілерінің (9,5 шақырым газ құбыры, 9,3 шақырым су құбыры, 9 шақырым электр желісі) құрылысын салу» жобалары іске асырылуда.