25 сәу, 2018 сағат 12:29

Ноғаев: Туберкулезден дәрігерлердің өздері қорқады

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев фтизиатр-дәрігерлердің санын көбейту үшін оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешпек, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Туберкулезбен ауыру көрсеткішін төмендету үшін, ең әуелі науқастар дәрігердің берген нұсқауларын қатаң сақтауы керек. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, жазылған дәрілерді, процедураларды уақытында алмау кесірінен бұл ауру өршіп тұр. Өткен аптада біз республиканың бас фтизиатры, туберкулез мәселелері жөніндегі институт басшысының қатысуымен үлкен жиналыс өткіздік. Сол жиында туберкулезбен күреске қатысты бірқатар шара бекітілді. Институт директоры айтқандай, бізде қазір дәрігерлердің өздері бұл ауру түрінен қорқады. "Туберкулез – қауіпті ауру" дей бергеніміздің салдарынан болашақ дәрігерлер осы мамандыққа баруға жүрексінеді екен. Сондықтан фтизиатр-дәрігерлерін дайындау мәселесі өте өзекті", — деді әкім ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Ноғаевтың айтуынша, былтыр облысқа 126 дәрігер шақырылған, олардың 75-і жоғары оқу орнын енді бітіргендер екен. Ал кадр тапшылығы 240 адамды құрапты. Биыл тағы 100-ге жуық дәрігер шақыру жоспарланып отыр. 

"Аталған жұмыс осындай қарқынмен жүргізілсе, біз фтизиатр-дәрігерлер тапшылығын жуық арада жоямыз. Ең алдымен, дәрігерлерге үй беру, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу қажет", — деді облыс басшысы.