ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев бейнебайланыс арқылы өткен ТМД елдері Электр энергетикасы кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Ноғаев өз баяндамасы шеңберінде кеңес қатысушыларын Қазақстанның электр энергетикасы саласындағы соңғы өзгерістерімен таныстырды. Атап айтқанда, 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстан қабылдаған «Электр энергетикасы туралы» Заңға енгізілген өзгерістер жөнінде айтып берді. Түзетулер шеңберінде генерацияның маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғылардың құрылысына аукциондық тетік енгізілді.
«Биылғы жылдың желтоқсанында қуаты шамамен 1000 МВт болатын әлеуеті жоғары жобалар бойынша аукциондық сауда-саттық ұйымдастыру жоспарланып отыр», деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев отырыс барысында.
Сондай-ақ Энергетика министрі 2021 жылдың соңына дейін ЖЭК қуатын ағымдағы 1800МВт-тан 2100 МВт-қа дейін арттыру бойынша Қазақстанның жоспарлары туралы хабарлады.
ҚР Энергетика министрі Н. Ноғаевтың айтуынша, 2020 жылы Қазақстанда электр энергетикасын өндіру 108 млрд Квт/сағ. құрады, ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша 109 млрд кВт/сағ. өндіру күтілуде.
Отырыс шеңберінде Үйлестіру кеңесі туралы Ереже, ТМД елдерінің Электр энергетикасы кеңесінің регламенті бекітілді, ТМД елдері Электр энергетикасы кеңесінің 2020 жылға есебі тыңдалды, Электр энергетикасы кеңесінің 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары өзектендірілді.