Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстық перинаталды орталықтағы сәби өліміне қатысты Үкімет отырысының үзілісі кезінде пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Журналистер сауалына жауап берген Нұрлан Ноғаев тергеудің аяқталуын күтіп, істің ақ-қарасы анықталғанша қорытынды жасамауды өтінді.
«Ресми органдар ресми пікір білдірді. Қазір тергеу шаралары жүргізілуде. Соның аяқталғанын күту керек. Министр өз пікірін білдірді, вице-премьер де келді. Тергеу қорытындысы шықпай тұрып біз баға бере алмаймыз, - деді әкім. – Бұл мәселенің барлық түйіткілдерін мұқият тексеру керек. Біріншіден, тергеу ғана барлық сауалдардың жауабын таба алады. Дүниеге келген сәбилердің 80 пайызына жуығы оңалту бөліміне түседі, салмағы өте аз, күні жетпеген. Бұл бағыттағы жұмысымызға бүге-шүгесіне дейін тоқталмай-ақ қояйын, айтайын дегенім, сәби өлімі және ана мен бала күтімі басты назарда болмақ. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Өткен жылғы көрсеткіштерді биылғымен салыстыратын болсақ, төмендеу байқалады. Бірақ әлдебір себептермен тамыз айында қайтадан сәби өлімі өршіп кетті. Тамызда - 26, қыркүйекте - 17 сәби шетінеген. Тиісті шараларды қолға аламыз. Босанатын 75 әйелді қалалық перзентхана мен өзге де ауруханаларға көшірдік. Бұл кеңесті тергеу барысында арнайы комиссия берген болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы, өзге де органдардың топтары қызмет атқаруда. Жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Ана мен бала өмірі - баға жетпес байлығымыз, сәби өлімі - біз үшін трагедия».
Нұрлан Ноғаев облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының жауапкершілігі туралы журналистер сауалына:
«Басқарма басшысы қызметінен кету жөнінде арыз жазды, қазір мәселе қаралу үстінде», - деп жауап қатты әкім.
Айта кетейік, 2019 жылы өңірге 123 дәрігер келіп, оның ішінде 54 маман перзентхана мен өзге де балалар ұйымдарына жіберілген (13 акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, 3 неонатолог, 19 бала дәрігері, 14 терапевт), оның ішінде 12 маман облыстық перинаталдық орталыққа жолданған болатын.
Облыс әкімі резидентураға - 48 грант, оның ішінде 27 грантты перзентханалар мен балалар ұйымдарына бөлді. Бұл - гранттардың 56 пайызы (9 акушер-гинеколог, 4 неонатолог, 5 анестезиолог-реаниматолог, 5 инфекционист, 1 балалар неврологы, 1 балалар дәрігері).
Еске сала кетсек, Атырау облысы перинатальды орталығының басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінген болатын.